АРЫСТАН ӘУЛИЕ

Арыстан емші Тайпақ топырағында туып-өскен елге есімі кеңінен мәлім әулие кісі болған. Руы Тана, бөлімі Жиенбет. Жиенбеттің Масай аталығынан шыққан. Қызыл шырайлы, көркем жүзді, дембелше келген мінезге бай адам екен.
Төмендегі әңгімені Нағым Өтешов қарияның аузынан естіген едік.
1949 жылдың қысы еді. Арыстан қарт Жантемірдің арғы жағында Байқадам құмында отырды. Ол кезде қазіргідей сыңғыраған шатырлы үй қайда. Кілең жер қыстау. Жер қыстауда тұрса да кең дүниені көкірегіне сыйғызған Арысекең сияқты небір қасиетті қарттар өтті-ау жарықтық!
«Шөбім таусылып бара жатыр» – деп Арыстан ата құлақ қағыс қылып қойған соң Қыдыраш екеуміз өгіз шанаға жақсылап шөп тиіп алып тартып кеттік. Байқадамға түске таман жеттік. Келсек арғы жағындағы Құмар деген жылқышы бір ту биені соғымына арнайы әкеліп сойып жатыр екен. Арыстан қарт үйде ауырып жатыр. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, қуырдақ жеп кететін болдық! деп қуанып біз де сойысуға кірісіп кеттік. Ол кезде 14-15-тердегі бала болсам да малмен көз ашқан шаруаға епсепті жас уақытымыз. Үйінде бөтен бір бала жігіт жүрді. Мұраттың әкесі Бисекеш ақын бар. Соғымды ә дегенше жайратып бұзып тастап шайға отырдық. Қарт тұра алмады.
Шайды енді ауызға ала бергенде әлгі бейтаныс жас жігіт бақырып құлай кетті. Қол-аяғы қалшылдап ауызы көпіріп, тілін шайнап жатыр. Бізде зәре жоқ. Ұшып-ұшып тұрдық. Дастарқанның ана шетінде Бисекеш аға құлап ауырып ол жатыр. Бисекеш ақынның да талма ауруы болатын.
Сол сәтте Арыстан қарт «мені тұрғызыңдар!» деді. Сүйемелдеп көтеріп отырғыздық. Кемпіріне қарап:
– Ана сенедегі қыл шылбырды алып кел – деді. Үш тіні бар тастай ғып есілген қыл арқанды қос қабаттап жалаңаш беліне байлады да:
– Мына Құмарға оқтау әкеліп бер – деді.
Оқтауды арқанның астынан өткізді де, Құмарға: «бұра!» – деп әмір етті. Құмар бұрай бастады. Айтпақшы, «Маған бұрау салған кездегі айтқан сөздерімді ұғып алыңдар» деп ескертіп қойды.
Сонымен, жылқышының қайратты қолдары арқанды бұрап жатыр. Қылбырау жалаңаш етке батып, кіріп барады. Арыстан әулие қып-қызыл болып қаны бетіне тепті. Тер шүмектеп бетін жуып кетті. Сөйлеп отыр. Менің есімде қалғаны:
– Келер жылы колхоздан жеті адам сотталады – деді, – ішінде бір әйел бар.
Басын шайқап қойып:
– Ай, Ұзынсары, жанымды қинадың-ау! – деді бір сөзінде. Тағы бір кереметі, Арыстан сөйлей бастағанда ауырып қалшылдап жатқан екі кісі тыныш тауып сұлық жатты. Арысекең алда болатын бірталай жаңалықтарды айтып көп сөйледі. Сөйлеген сайын: «бұра!» дейді. Қыл арқан етіне батып кеткен. Қарауға көз шыдамайды. Құмардың әлі келмей жатыр.
«Ойпырмай, бөлініп қалатын шығар!» деген қорқынышты оймен алысып көріпкелдің көп сөзін жадыма да сақтамаппын.
Бір мезгілде Арыстан қарт әлсіреп, талықсығандай болып:
– Ал енді болдым. Босат, жатқыз – деді. Шылбырды босатқанда қараймын. Денесінде ешқандай жарақат жоқ, ештене болмағандай!
Алдыңғы ауырған екеуі де есін жинай бастады. Енді бізге шай жүріп қуырдақ батпайтын болған соң, ертерек қоштасып Қыдыраш екеуіміз ауылға қайттық.
Келер жылы көктемде баяғы жас жігітпен далада кезігіп жөн сұрағанымда: «Жаңақала жағында тұрамын. Былтыр Арыстан әулиеге арнайы барып қояншық ауруымды емдетіп тәуір болдым. Сол кісінің кел деген уақытында тағы бір көрінуге келемін» деді. Көріпкелдің құлағымда қалған сөзі дәл келіп, сол жазда колхоздан мал кем шығып жеті адам он жылға сотталды. Біреуінің әйел екені де қолмен қойғандай рас болды. Ал, «Ұзынсары» дегені – сотталушының бірі өзінің немере інісі Құраш болып шықты.
Арыстан әулиенің жақынын жаманатқа қимай, тері моншақтап қиналғаны; қояншық ұстап талып жатқан адамдарды құтқару үшін өзін-өзі буып, арпалысып аурудың бетін қайтарғаны, өмір бойы көз алдымда тұрды да қойды.
Халқының бағына туған, қасиет қонған әулие қазақтың ұрпағы еді, Арысекең!

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

АРЫСТАН ҚАРТПЕН БІР КЕЗДЕСУІМ

1962 жылы жазды күні Алмалының қырындағы Бекет қызыл деген жерде қошқар бағып отырмын. Бір күні Жаңақала бағытынан тарантасқа күрең қасқа бие жеккен Арыстан қарт келіп ат басын тіреді. Түстеніп, ас жеп дем алды. Сағат төрттерде:
– Балам, биені суарып алып кел. Жусан болса бір жұлғыз, ақ шөп болса екі-үш жұлғыз, суын бассын. Қазір жүремін – деді қарт.
Атын суарып әкеліп, жегіп бердім. Әбден жүрерде айтты:
– Балам, батыстан менің артымнан қос атпен біреу іздеп келе жатыр. Сағат жарым, екі сағаттың шамасында келеді. Мен ана Сүйіндікке барып қонамын. Мені іздесе сонан табар – деп жүріп кетті.
Мен таңданып: «қалай болар екен?» деп қойымды ұзатпай күтіп жүрдім. Айтқанындай сағат жарым шамасында аты қара суға түскен бір адам келді. Жетегінде аты бар.
– Жігітім, Арысекең қартты іздеп келе жатыр едім келді ме? – деді.
Мен қарттың сөзін айтып жолға салып жібердім.
Мұрат Ғұбайдуллин қарттың әңгімесі.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ЖОҒЫҢДЫ ТАБАСЫҢ...

Жантемір аулында тұратын Бижан Айтмағамбетовтың бозбала шағы. Ол кезде Калмыковты «Князь» деп атайды. Соғыстан бұрынғы кез. Колхозда көлік тапшы. Әкесі Темірғали қарт Бижақанды Князьға барып «базаршылап» келуге жұмсайды. Ауылдан базар көріп қайтуға және бір кемпір ілеседі. Екі жолаушы өгіз арбамен таңертеңгілік шыққаннан түске дейін біраз жерді өндіріп тастайды. Кемпір айтады:
– Балам өгізді шалдырып, өзіміз тамақ ішіп біраз аяқ суытайық – дейді.
Үлкен кісі айтқасын Бижақан өгізді доғарып шөпке арқандайды. Тамақтанып алғасын және кемпір айтады:
– Балам сен көлеңкеде кішкене дем алып ал, өзім оятармын – дейді.
Арбаның астындағы көлеңкеге кіріп әрі-бері дем алып бұлар кештете Калмыковқа келіп түседі. Бижақан ертесі тұрып базарға барайын десе ақшасы жоқ. Ақ шүберекке түйіп, шай-қантқа арнап берген кемпір-шалдың ақшасы қалтасында үшті-күйлі жоқ. Ауылға ақшадан айырылып сымпиып барса әкесінің сегіз өрме қамшысы дайын тұр. Сасқанда есіне Арыстан емші түседі. Арыстан атаға барған екен:
– Е, балам-ай, қасындағы жолсерігін ұрлап алыпты ғой – депті көріпкел, – қорықпа, ақшаңды қайтарда табасың. Кеше келе жатқандарыңда бір жерге аялдаған екенсіңдер. Ақшаң сол жерде тығулы. Тығылған жерінде кішкене тышқан төбе үстінде ақтұмсық қарғалардың саңғырығы бар. Ақшаны тышқан ініне бос топырақпен көміпті. Белгісі – қойдың кепкен құмалағын тесіп жусанның басына өткізіп қойған екен, содан табарсың.
Бижақаң Арыстан емшінің сөзін жадына түйіп ауылға қайтады. Кемпірге сыр білдіруге ұялып кешегі аялдаған жерге жеткенде:
– Шеше, сіз жүре беріңіз, ішім ауырып келеді – деп арбадан түсіп қалыпты. Отыра қалып әне жерді бір, мына жерді бір үңіліп қарап жүрсе басына құмалақ өткізген бір түп жусан көзіне оттай ұшырайды. Барып түбін қараса әулиенің айтқаны тұп-тура, тышқан ініне көміп кеткен ақшасы сол күйі жатыр екен.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"