Бөрлі ауданы – еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан, бай тарихында із қалдырған даңқты оқиғаларға толы қасиетті өлке. Бөрлі өңірінің әкімшілік-аумақтық құрылымы, экономикалық –шаруашылық әлеуеті, табиғи және қазба байлықтары, көне заманнан қазіргі кезге дейінгі тарихи жан-жақты дамыған. Қасиеті ерекше, тарихы терең, қазынаға бай өлке екендігі сөзсіз.
Бөрлі ауданы, XVIII ғасырдың басынан өзінің апта сайынғы базарлары мен танымал қазіргі Бөрлі селосының маңындағы бор қыртыстары бар жерге байланысты өз атауын қазақтың «Борлы» деген сөзінен алған. Қазақтар мал, жүн және олардан жасалған өнімдерді, былғарылар сатқан. Орыс, татар, башқұрт саудагерлері қағаз, метал бұйымдарын, киімдерді, үй жабдықтарын әкеліп сатқан. Кеңес үкіметі жылдары Бөрлі ауданының аумағы өзінің әкімшілік бағыныштылығын бірнеше рет өзгертті. 1920 жылдан 1927 жылға дейін Бөрлі болысы Орынбор облысының Илек уезінің құрамына кірді. 1927 жылдың наурыз айынан 1928 жылғы қаңтар айына дейін Орал облысының, Орал уезінің, 1928 жылдан осы облыстың Зауральный ауданының құрамында болды. 1936 жылы теміржол құрылысының аяқталуына және Бөрлі ауданының құрылуына байланысты Қазақстан стансасына астық қабылдау пункті ауыстырылды.
1940 жылы Қазақстан стансасы қала үлгісіндегі (типтес) поселке болып қайта құрылды. Аудан аумағы ішінара өзгерістерге ұшырап, алайда тұтастай алғанда әкімшілік-аумақтық негіздеу үрдісі аяқталды. Қарашығанақ мұнай-газ кеніші орнын игерудің басталуымен ауданның маңызы облыс өмірінде ғана емес, бүкіл Қазақстанда күрт шарықтады. Аудан орталығы еліміздің қазіргі заманғы және жас қалаларының бірі –Ақсай қаласы болды. Ауданның негізгі тарихи қалыптасқан халқы – қазақтар. XIX ғасырдың басында мұнда қазақтар мекендеді. XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың бас кезінде мұнда орыс-украин шаруаларының қоныс аударуының нәтижесінде халықтың көп ұлтты құрамы қалыптасты. 70-80 жылдары аудан белсенді көші-қон орталығына айналып, мұнда КСРО-ның түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар келді. Герман Демократиялық Республикасынан, Чехославакия Социалистік Республикасы мен Болгар Халық Республикасынан келген мамандар мен жұмысшылардың білімдері мен тәжірибелері, жабдықтар кеңінен қолданылды. 90-шы жылдары жаңадан қалыптасқан тарихи жағдайда, Қазақстан мен әлемнің бірқатар ірі компаниялары Қарашығанақ кенішін бірлесіп игеріп, өнімдерді өзара бөлісу жөніндегі түпкілікті келісімге қол қойғаннан бастап Бөрлі ауданы қарқынды дами бастады. Қазіргі кезде Бөрлі ауданы – Қазақстанның ең бір жан-жақты дамып келе жатқан аудандарының бірі. Мұнда дүниежүзінің 20-дан астам елінің мамандары мен жұмысшылары тұрып, еңбек етіп жатыр. Қазіргі таңда тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында қойнауы құт, жайлауы малға, өзендері балыққа толы бақ-дәулет дарыған ауданымыздың әлеуметтік–экономикалық ахуалы да жыл санап өрге басып, даму үстінде.