Шоқан Уалихановтың 190 жылдығына арналған «Елтану» туристік – өлкетанулық экспедициясының қорытынды ақпараты

Шоқан Уалихановтың 190  жылдығына арналған «Елтану» туристік – өлкетанулық экспедициясының қорытынды ақпараты

      2025 жылдың 30 маусым мен 8 шілде аралығында Шоқан Уалихановтың 190 жылдығына арналған ерекше сапар басталды. Экспедиция бағыты Орал қаласынан басталып, Көкшетау қаласы, Бурабай курорттық аймағы,  Солтүстік Қазақстан облысының Сырымбет ауылын қамтыды. Бұл сапар – Шоқан Уәлихановтың өмірі мен мұрасын тануға арналған үлкен мүмкіндік болды.

      Экспедицияның  алғашқы күнгі бағдарлама аясында тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштермен таныстық. Әсіресе Шоқан Уәлихановтың ескерткішінің жанында тоқтап, фото және бейнематериалдар түсірдік. Кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне, Мәлік Ғабдуллин музейіне және Әдебиет пен өнер музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды. Кешке қарай топтық жұмыстар беріліп, алғашқы күн қорытындыланды.
       Келесі күні Бурабайға жол тарттық. Табиғаттың керемет көріністері бізді тәнті етті. Жұмбақтас, Бурабай көлі, Кеңесары үңгірі, Оқжетпес жартасы, Абылай хан алаңы – әрқайсысы өзінше тарихқа толы. Сонымен қатар, Ботай мәдениетінің археологиялық іздерімен танысып, көптеген тың мәліметтер алдық. Сапарымыздың жалғасы   Шоқанның балалық шағы өткен Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданынына қарасты Сырымбет ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи – этнографиялық музейіне және Айғаным қонысы –  музей-қорығына сапар шектік.

      Мұнда келушілерге Айғанымның тұрмысы, Шоқанның балалық шағы, олардың өмір сүрген дәуірі туралы тың мәліметтер ұсынылады.

Еліміздегі маңызды тарихи-мәдени кешендердің бірі саналады.

       Көкшетау тауы мен Қопа көліне серуен барысында табиғаттың сұлулығын тамашалап, өлке тарихына терең үңілдік.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Шоқан – этнограф, тарихшы және саяхатшы» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шарада ғалымның ғылыми еңбектері,зерттеу бағыттары кеңінен талқыланды.

     Шараға қоғам қайраткері, «Абылай ханның қара жолы» халықаралық экспедиция жетекшісі  Мұрат қажы Ыдырысұлы, қазақ тарихын зерттеуші әрі қоғам қайраткері –Мәліков Дулат Серғалиұлы, Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау   университетінің оқытушысы, докторант –Уалиев Талап Асқарұлы, Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау   университетінің тарих, география және әлеуметтік – гуманитарлық пәндер кафедрасының лекторы Шапкенов Аманкелді Асқарбекұлы, Ақмола облыстық тарихи – өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Рахімбекұлы Мырзабек және өлкенің құрметті азаматтары қатысып,  Шоқанның өмірімен шығармашылығы жөнінде ғылыми жұмыстарымен таныстырып, еркін пікірталас жүргізілді.Дөңгелек үстел барысында экспедиция қорытындысы жасалып, қатысушылар алған әсерлерімен бөлісті.
      Бұл сапар тек білім көкжиегімізді кеңейтіп қана қоймай, ұлттық болмысымызды, тарихи санамызды терең ұғынуға, Шығыстың жарық жұлдызы  – Ш. Уалихановтың шығармашылығымен өмір жолымен толық танысуға  мүмкіндік берді.  Экспедиция барысында түсірілген фото және бейнежазбалар алдағы уақытта ғылыми жоба мен көрмелерде пайдаланылатын болады. Әрбір қатысушы үшін бұл сапар ұмытылмас әсер мен тың серпін сыйлаған ерекше кезең болды.

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"