ЖАНТУҒАН ӘУЛИЕ

Жантуған атаның тегі Беріштің Жайық бөлімінен. Орда ауданының Сайхын ауылында туған.
Жасынан аруақ қонып домбырамен емдейтін «қара бақсы» атанған. Аруақты нағашысының батасымен 17 жасында қасиет қонған көрінеді. Кеңес өкіметі алғаш орнаған жылдары бақсы боп кісі емдегені үшін қудаланып, қамауға алынады. Қамаудан қашып шығып, Атырау жағына кетіп, теңізде балықшы боп бірнеше жыл қызмет істеген. Бір күні суға құлаған орысты құтқарып жатырғанда әлгінің созған қолы жауырынына тиіп кетіп, арқасы ұстап есінен танып, суға құлайды. Теңіз түбіне батып кеткенде алдынан басқа әлем ашылғандай көрінген. Біршама уақыттан кейін есін жинап қайта шыққанда ешбір су жұтып тұншықпағанын көріп жұрт таң қалған. Осыдан соң арқасы ұстап қалатын талма ауруға ұшырап, жұмыс жасай алмай бір жылдан соң елге қайтып келеді. Соғысқа да сол себепті алынбай қалған. 1952 жылы Алғабас совхозына көшіп келеді. Өмір бойы Каленый ауылында тұрып кісі емдеумен айналысты. Бала ауруының таптырмайтын емшісі болды. Кәсіби медицина емдей алмай шығарып жіберген науқас балаларды тамырдан қан шығарып қию арқылы емдеп құлан-таза жазып жіберетіндігімен ел есінде аңыз боп қалған. Сынық салып, тамыр ұстап, жын қаққандарды емдейтін, күндік оқиғаны болжап отыратын қасиеті болыпты. Қабірі қазіргі Ақбұлақ ауылындағы зиратта.
Жантуған атаның кіндігінен тараған ұрпақтары баршылық. Солардың бірі 1929 жылы туған Аманбай Жантуғанов қария Орал қаласында тұрып, 2015 жылы дүниеден озды.
Жантуған ата ең алдымен балалар емшісі болған адам. Қазақтың болашақ ұрпағының кесапат-қатерден ада, дені сау боп өсу үшін Жаратушы Иенің Жайық халқына жіберген емшісі ме дерсің. Талай сәбиді кеселден құлан-таза жазып, болашақта дені сау сырықтай азамат болып өсуіне жол салып берген Жантуған ата туралы бүгінде ел арасында тамсана әңгімелейтіндер баршылық.
Жантуған ата «жеті рет келесің, әлде тоғыз рет келесің» деп қазіргі емшілер сияқты науқасты әуреге салмаған. Алдына апарған баланы бір қарағаннан мүлтіксіз жазатын болған. Ауруханаларда айлап жатып жазыла алмай жарымжан болуға айналғандар Жантуған қарттың алдынан өткенде айығып сала берген. Қарттың бала емдеудегі өзіндік тәсілі – адам бойындағы алпыс екі тамырдың арам қан ұстап түйіліп тұрған тұсын дәл басып, қиып емдепті.
«Баланы ойната отырып кеселді тамырды пышағымен қиып жіберетін. Қан шаптырып жүзін жуып кетсе де бала жыламаушы еді. Қайта жаны жай тауып ұйықтап қалатын еді» деп әңгімелейді көзін көрген кісілер.
Менің екі жасқа толғанша аяғымнан жүре алмағанымда Жантуған қартқа апарып бір қаратқаннан жүріп кеткенімді үлкендер айтып отыратын. Ендеше осы Ақжайық өңірінде қазір жер басып жүрген талай пенденің Жантуған атаға қарыздар екенін ұмытпағанымыз жөн.
Жантуған атаның аруағы қолдап, емшілік жолын ұстанып қазірде елге қызмет етіп жүрген жиені Дариға Мұсағалиева Ақсуат ауылында тұрады.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ЖАНТУҒАН АТАНЫҢ КЕРЕМЕТІ

– Бұл 1965 жылдар шамасында болған оқиға – деп есіне алады Атамекен ауылының тұрғыны Амангелді Жанғалиев ағамыз. Ол кезде совхозда жанармай тасушы бензовоз машинасын айдаймын. Жантуған атаның даңқы жер жарып тұрған кез. Баласы ауырғандардың бәрі балаларын сол кісіге қаратуға асығады. Солардың көбісін мен апарып-келіп жүрдім. Яғни, Чапайға жанармай алуға кетіп бара жатқанда жолай ауруды тастап кетемін. Қайтарда сауыққан баланы кері алып қайтамын. Ауылдас Әжіғали деген ағай әскерден келіп, көп кешікпей үйленген болатын. Кенеттен «Әшақаңды пері қағыпты» деген суық хабар естілді. Ашақаңның ағасы Ермекқали аға екеуміз науқасты ертесіне Жантуған қартқа алып келдік. Жантуған қария сол кездерде жетпістен жасы асып кеткен шағы. Бізді біліп, тосып отыр екен. Үшеумізді төрге шығарды да, отқа салып қойған темір табаның қып-қызыл болған түбін біздің көзімізше пышырлатып жалап-жалап алды. Ажіғали ағай алпамсадай ірі денелі кісі болатын. Есі кіресілі-шығасылы болып селкілдеп, алақтап отырған Әшақаңа жетіп келген Жантуған ата көз ілестірмей әлгіні қолынан ұстап арқасына лақтырып салып алды. Қарт кісінің дәу жігітті бүйтіп тымақ құрлы көрмей көтеріп алғанын бірінші рет көріп, аң-таң қалып біз отырмыз. Әшақаң жаны жоқ қапшық секілденіп, Жантуған қарттың арқасында салақтап жүр. Жантуған ата науқасты арқалаған қалпы бөлме ішін айналып жүр, айналып жүр. Бір мезгілде беті-аузын шүмектеп тер жуып кетті. Осыдан соң барып кереует төсекке арқасындағы Әжіғалиды тастай салды. Мына қызықты қараңыз, Әшақаң кереуетке құлаған бойда қор етіп ұйықтап кетті.
– Болды – деді емші терін сүртіп, – жүріңдер шай ішіп алайық.
Біз асықпай шай ішіп алдық та, Әшақаңды оятып түк болмағандай ауылымызға қайттық.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"