Бұл әңгімені Дендерлік бегіс-беріш Ізғали ақсақалдан естіп едім.
Руы Шеркеш, правител Мақаш кішіпейіл, қонақжай адам болса керек. Үйіне кім келсе де есіктен қарсы алады екен. Астраханның бер жағындағы Мыңтөбе деген жерде адай Жантұрған деген би тұрыпты. Мақаштың бала кезден бірге өскен ескі досы екен. Күндердің күнінде шеркештің жігіттері сол жердегі адайдың бес тайлағын ұрлап кетіпті. Адайлар ізін тапқанмен Мақаштың атағынан қорқып, даулап бара алмай Жантұрған биге барып арызданыпты.
Сонда Жантұрған айтты дейді:
– Жігіттер, шеркешке малым кетті деп босқа уайымдамаңдар. Қытай асып кеткен жоқ, елдің іші ғой. Қайта сол шеркештер тайлағымызды баға тұрсын деп ойлаңдар – депті. Руластары қоятын болмаған соң атына мініп Мақаштың ауылына іздеп келіпті. Мақаш кіші әйелінің отауында екен. Үлкен үйге келіп түскен Жантұрған:
– Правител қайда? – деп сұрайды. Үйдегі әйелден:
– Келіп қалар – деп жауап алған соң төрге шалқасынан түсіп, бір аяғын бір аяғына қойып жатып алды дейді.
Әлгі әйел бұл үйге пенде боп түскелі бұндай қонақты көрмесе керек. Жантұрғанның жатысын ұнатпай:
– Жолаушым, бұл үйден бабыңыз табыла қоймас сірә, басқа үйге барып жатқаныңыз жөн болар – депті.
– Е, бабым бұл үйден табылмаса, басқа үйден қайдан табылсын – деп аяғын жимай жата беріпті.
Бір уақытта Мақаш келеді. Әйелі алдынан шығып:
– Отағасы, үйде бір көргенсіз кісі жатыр – депті. Мақаштың іші сезе қойып:
– Ә, бұл Жантұрған болды ғой – деп үйге кіріп амандасыпты. Шай келеді. Мал сойылады. Жантұрған үндемей жата береді. Шай орталағанда Мақаш:
– Жәке, әңгіме айта отырыңыз – дейді.
– Мақашжан, әңгімені бес саладан бастайын ба, әлде бес тайлақтан бастайын ба? – депті би.
– Бес тайлақ қайда қашар дейсің, бес саладан бастаңыз – депті Мақаш.
Жантұрған содан кейін ғана басын көтеріп дүниедегі болып жатқан жаңалықтарды әңгімелеп, құбылыстарды мысалдап, жарасты әңгіме-дүкен құрады. Кеште қонақасы желінген соң Мақаш ауылының бір жігітін шақырып алып:
– Таңертең мына Адайлардан алған бес тайлаққа тағы бес тайлақ қосып бидің алдына салып апарып беріңдер! – деп шешім айтқан екен.
Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы