МҰРАТТЫҢ ӘБІШКЕ АЙТҚАНЫ

Қаратоқай Беріш Мұрат ақын Көкжардың базарында жүргенде соған келген ығай мен сығай байлар бас қосқан жиынға шақырылыпты. Сол заманда аузы дуалы ақынды шақырып, сый-сияпат беріп, байлар өзін мақтатып өлең сұрау дәстүрі болса керек.
Содан Мұрат елге қадірлі сақи байлардың кейбірін мақтап жыр жырлап қойып отырғанда көптің ішінде:
– Мұрат, айтқыш болса Әбіш байды неге мақтамайды екен? Осы отырғандардың ішінде Әбіштен жомарттығы асқан бай бар ма? – деген әңгіме шығыпты. Сонда Мұрат жұлып алғандай:
– Мен Әбекеңді не қыл деп мақтайын?!
Бірінші рет мақтап – құлынды бие алдым.
Екінші рет мақтап – боталы түйе алдым.
Үшінші рет мақтағанда – алты қанат үй алдым.
Төртінші рет мақтауға Әбекеңнен ұялдым!! – депті.
Сол кезде Әбіш бай қойын қалтасына қолын салып жіберіп 100 теңгелік қарақұлақты суырып тастап:
– Мұратжан-ай, қалтам жұқарып қалып еді, мынаны әзір жарата тұршы. Қалғанын соңынан ала жатарсың – деген екен. Ол кезде 100 теңге боталы түйенің құны көрінеді.
Дендерлік Ізғали қарттың әңгімесі. 

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"