ЕМШІ ҚҰДЫРЕТІНЕ КУӘ БОЛДЫМ

Бұл 1973 жылдар шамасында болып еді. Үлкен ұлым Жанат екі-үштерге келіп қалса да аурудан көз ашпады. Жылаудан жағы сембейді. Қолдан түсірмейтін болдық. Аудан дәрігерлеріне қайта-қайта апардым. Рахит дейді. Дәрілер береді. Дәріден пайда болмады. Баламның қарны қабақтай, бұты таяқтай. Бірде дәрігердің біреуі айтты:
– Ағай балаңызды халық емшісіне неге апармайсыз, бала ауру – ғой деді. Бала ауруды қолмен сылығандай етіп жазады деп естісем де емші балгер дегенге сенбейтін басым Жантуған қартқа да сенінкіремейтін едім. Басқа амалым болмағасын бір күні бармақ болдым. Ол кезде трактористпін, Баламды қасыма отырғызып әне-міне деп біз шыққанша түске таяп қалды. Екі ауыл арасы 25 шақырым. Келе жатып: «жол бойындағы қойшы Құмар жездеме соғып түстеніп кетсем бе екен?» деп бір ойладым. Бірақ тоқтамай емшінің ауылына жақындағанда кішкене аялдап, баламды «кіш» қылып, кешікпей қарттың үйіне жеттік.
Кіріп келсек Жантуған қарт аяғына саптама етік киіп алып кереуетте қисайып жатыр екен. Басын көтеріп амандасты да:
– Ау, кешігіңкіредіңдер ғой! – деді; – Мен сендерді таңертеңнен күтіп жатырмын. Жолда бір үйге соғып түстенгің келіпті ғой. Оның бер жағында тағы бір жерге кішкене кідіріпсіңдер – деп болған жайды көзімен көргендей айтып отыр.
Мен осы жерде емшінің көріпкелдік құдіретіне шүбәсіз сендім.
Қарт кідірген жоқ. Қолына құрыммен қапталған, ұшы біздей жіңішке пышағын алып балама жақындады да, бетіне үңіліп:
– Балам жақсы екен ғой – деп әңгімелесіп отырып кеңсірігінің үстіне пышақ ұшын батырып алды. Қан шаптырып қоя берді де кешікпей қалт тыйылды. Аққан қанды баламның бетіне айғыздап жағып жатыр. Балам жылайтын емес. Одан соң екпетінен жатқызып көтеншегіне шынашағын жүгіртіп көріп, құйымшағын басып байқады да:
– Балаң – бала аурудың көгі екен. Енді жазылады – деді.
– Тағы да әкелейін бе? – деп сұрағанымда:
– Жоқ, енді әкелме. Үйге барған соң қораңнан үш немесе бес құмалақ алып балаңды үш күн суға түсір. Қазір бетін жума. Енді қайта берулеріне болады – деді.
Тракторды қыздырып ауылға жүргеннен-ақ балам тіземе басын қойып ұйықтады. Орта жолға келгенде қарасам сізге өтірік маған шын бетіндегі баттасқан қанның бояуынан дым да жоқ, ұшып кетіпті. Содан ауылға кеп трактордан түсісімен балам тамағын, ішіп ойынға кетті. Енді үйді көрсейші. Емші айтқандай суға шомылдырдық. Жанатым ауруынан құлан-таза жазылып, қол-аяғы балғадай жігіт болып өсті – деп есіне алады Жантуған қартты көргендердің бірі Наурызбай Сариев қария.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"