Халықаралық «Қосымша білім беру жағдайында балалар-жасөспірімдер туризмін жүзеге асырудағы кластерлік тәсіл» атты форумы өтті !!!

Орал қаласында 2019 жылдың 10-12 қарашасында өткен Халықаралық «Қосымша білім беру жағдайында балалар-жасөспірімдер туризмін жүзеге асырудағы кластерлік тәсіл» форумына (келесіде: форум) Қазақстан Республикасының Нұр-сұлтан, Атырау, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Ақтау қалалары мен Түркістан облысынан және Ресей мемлекетінің Москва, Орынбор, Симферополь қалалары мен Татарстан Республикасынан келген ғалымдар, қосымша білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтары қатысты.

Форумда Батыс Қазақстан облысы мен Қазақстан Республикасының балалар мен жасөспірімдер туризмін, ішкі және кіру туризмін дамытудың өзекті мәселелері мен болашағы мен Қазақстандық туризмді дамытуға, ТОП – 50 туристік нысандардың құрамына енген - Батыс Қазақстан облысы балалар және жасөспірімдер туризмі кластерінің қызметін насихаттау талқылады.

Форум жұмысы туризм кластеріне енген Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдердің туризм және экология орталығының (келесіде: орталық) «Балалар туризмі-туристік кластер: жетістіктері мен болашағы» көрмесімен басталды. Көрмедегі аталған орталықтың әдістемелік жұмыстары, жетістіктері мен бейнероликтері, он екі аудан мен қалалық туризм орталықтарының қызметі қамтылған панельдер мен Батыс Қазақстанның киелі географиялық орындары құрамына енген Тақсай ханшайымы, Бөкей ордасы ауданы мен Жайық қалашығының макеті қойылып қонақтарды өлкемізге шақыруда қызықтырған шара болды. Көрменің ажарын ұлттық ансамбльдің орындауындағы төгілген күй аша түсті.
Форум басталмас бұрын Батыс Қазақстан облысы балалар мен жасөспірімдердің туризмі және экология орталығында 33 жыл бойы үзбестен қызмет еткен, талантты педагог-новатор, қадірлі азамат Виктор Павлович Фоминге арналған «Сердце, отданное делу...» фильмі көрсетіліп, облысымыз және Республика бойынша туристік-өлкетану қызметін жандандырудағы орасан зор еңбегі аталып өтті.
Х.Бөкеева атындағы театрда пленарлық бағыты өткен форумның шымылдығын Батыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Егізбаев Серік Рахметтоллаұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызы мен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Өтемісов Шавхат Әнесұлы ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Ивановна Тарасенко мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы туризм индустрия комитетінің басшысы Балғожин Жалғас Өмірзақұлы модераторлығымен TEDх форматта өткен форумда аталған тақырыпта өзекті мәселелер талқыланды.
Форумда А.А.Остапец-Свешников атындағы балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану халықаралық академиясының президенті Смирнов Дмитрий Витальевичтің «Қосымша кәсіби туристік-өлкетану білімі жүйесі негізінде кластерлік тәсіл», «Тұран-Астана» университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Никитинский Евгений Сергеевичтің «Балалар мен жасөспірімдер туризмін кластерлік дамытудың бәсекелестік артықшылықтары», Орынбор қалалық кеңесінің депутаты Елена Викторовна Иванованың «Орынбор қаласының балалар туризмі: тәжірибе және болашағы», ҚР балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту жөніндегі республикалық қауымдастығының төрағасы Сұлтанов Қайрат Абайдуллаұлының «ҚР балалар туризмінің мәселелері мен шешу жолдары»,Туризм ғылыми-зерттеу институтының директоры, п.ғ.д., профессор, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Вуколов Владимир Николаевичтің «Спорттық және сауықтыру туризмінің қауіпсіздігі үшін кластердің негізінде мамандарды даярлау», Татарстан Республикалық қосымша білім беру орталығының директоры Идрисов Ранис Анваровичтің «Татарстан Республикасында балалар-жасөспірімдер туризмі мен өлкетану қызметін дамыту тәсілі», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы, «Қазақ Сақ» компаниясының директоры Мазбаев Орденбек Блисбекұлының «Қазақстанда ішкі туризмді дамыту мәселелері», Қырым Республикасы инженерлік-педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, п.ғ.к. Абдулхаиров Абжемиль Закарьяновичтің «Қырымдағы балалар мен жасөспірімдер туризмі саласында кластерлік жүйенің шарттары мен жағдайлары» атты мәнді де мазмұнды баяндамалары тыңдалып, талқыланды.
Теориялық-тәжірибелік алаңда облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының қосымша білім беру педагогтары өткізген шеберлік сағаттары - «Спорттық өрмелеудің техникасы мен тактикасы» (Халенов Ұ), «Киіз үйге саяхат» (Әлмұханова Р.С.), «Туризм арқылы Отанды тану» (Петченко С.В), «Мәнерлеп жүргізу» велотриалы (Нәсіпқалиев М.А.), «Орал өңірінің мәдени мұрасы» (Сарсенгалиев Ф.С), «Сапқа тұру дайындығы» (Кодаров Н.Ж.), «Бөренеден өту техникасы» (Джумагазиев Ж.А.), «Спорттық лабиринт» қашықтығы (Нурманов Р.Е.) тәрізді шеберлік сыныптары қатысушылардың қызығушылығын оятты.
Шара соңында жас ұрпақ тәрбиелеуде ширек ғасырдан астам уақыттан бері қызмет етіп келген облыстық орталықтың «Туристік-өлкетану қызметінің әдістемесі» кітабының электрондық тұсаукесерін орталықтың директоры м.а.Усағалиева Гүлсім Задашқызы таныстырып өтті. Он бес тараудан тұратын кітапта туризм, өлкетану, экология және спорттық бағдарлау қызметінің тарихы, әдістемесі жазылған.
Ал, 12 қараша күні «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының іс-тәжірибесімен (ҚБП Т.Сүндеткалиев, С.Бектыбаева.) танысып, №47 «Ақжайық» балалар бақшасының бөбектері арасында өткен «Балалар бақшасындағы туризм» шеберлік сыныбымен ұласты. Форумға қатысушы қонақтарға бөбекжай тәрбиеленушілеріне күрке құру және жинау, траверс, жасанды батпақтан өту, туристік жалын, шеңберден өту т.б. туристік кедергілер бағытында іс-тәжірибелерін таратты.
Қатысушылар «Батыс Қазақстан облысының туристік-өлкетану қызметі» рейтингісінің жеңімпазы - Бәйтерек аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының тәжірибесі талқыланып, аудандық музейге және орталықтың музейіне экскурсия жасалып, ата-аналармен жұмысты көрсетті.
Екі күнге созылған форумда туристік кластердамуға бағытталған ұсынымдар қабылданды.
Форум жұмысы жағымды әсер қалдырды.Ұйымдастырушыларға да алғысымыз шексіз! Қатысушылар сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.

Ұйымдастыру комитеті

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"