ШОМБЫР БАТЫР

ШОМБЫР БАТЫР

Шомбырдың шыққан тегі Тананың Асан тайпасы. Бұрын Тайпақ өңірінің кез-келген адамына Шомбыр есімі жақсы таныс еді. Шомбыр туралы әңгімелер ел аузында көп айтылып жүрді. Шомбырдың батырлығы қалай, несімен танылған? деген сұраққа жауап іздейтін болсақ көз алдымызға көне заман елестейді. Патшалық отарлау саясатына орай Жайық өзеніне қазақтарды 1000 метрден артық жақындатпау туралы заң күшіне еніп тұрған кезде Жайықтың екі бетіндегі ағайын жұрттың бір-бірімен қатынасып, араласуы қиындаған. Жайықтың қызылбалығын қызғанған, тіпті көктемде қызылбалық уылдырық шашатын кезде, балықты үркітеді деп ауыл шіркеулерінің қоңырауын соққызбай тастайтын өпірем казак-орыстар өзенге жақындап құрыққа бір тал кесіп алған қазақты да ұстап алса тергеусіз, сотсыз ата салатын болған. Осындай қиын-қыстау заманда құлдық қамытқа мойынұсынбай қазақтың қайсар рухын Жайық бойының казак-орыстарына таныта білген Шомбырды батыр деп айтуға толық негіз бар. Шомбыр орта бойлы, мығым денелі, өте қайратты және ешкімнен тайсалмайтын ержүрек адам болған. Шын аты Ернияз. Ерен күшті, шом қайрат, шойын денелі болғасын Шомбыр атанған. Орыстар оны Чурка дейді екен. XIX ғасырда біздің ауылда Аким есімді патшаның лесник-орманшысы тұрыпты. Аким Харькин ауылынан Лбищинск ауылына дейінгі аймақтың жалғыз қорықшысы болған. Өзі өте қарулы, ұрғанын құлататын, елдің бәрі қорқатын орманшы болыпты. Қазақтар Акимді Ақбас деп атаған. Сол Аким қазақтардың ішінен жалғыз Шомбырдан ғана қорыққан екен. Акимнің ұлы Сидр Акимович Шомбыр қартайып ауырып жатыр дегенді естіп: «Әкемді қорқытқан қандай қазақ екен? көрейінші» – деп арнайы іздеп барып, көріпті. «Шомбыр дегенге алып біреу екен десем, олай емес екен ғой. Жай бір ақшұнақ шал жатыр екен, тек қолдары ұзын екен, тізесіне дейін жақындайды, сірә, мықты болса, мықты болған шығар» деп айтты дейді». Шомбыр екі заманды, патша кезіндегі отарлау дәуірі мен кеңес кезіндегі отарлау дәуірін көріп жүзге жақындап барып қайтыс болған. «Тоқсанға келгенде малдас құрып отырған қалпы үлкен балтамен (дровакол) томар жарып отырушы еді» – дейі көзін көргендер.
Енді Шомбыр туралы әңгіменің біреуіне құлақ түрелік:
Патша заманында Бұхар беттің қырда отырған бір байы жігіт Шомбырды шақырып алып:
– Менің жігіттерім тоғайға атшанамен отынға баратын еді, бірге ілесіп қорғаштап барып келсең қайтеді? – деп өтініш жасапты. Шомбыр келісіп 2 атшанамен келіп орманның шетіне жасырын кіріп, ағашты шаналарға тиеп, байлап алып енді кеткелі тұрғанда қарауыл 5 орыс келіп қалыпты. Екеуінің қолында винтовкасы бар көрінеді. Келе әй-шәй жоқ: «отынды неге аласыңдар?!» деп қоқан-лоққы көрсетіп арқанды балтамен қиып отынды аударып тастапты. Шомбыр: «Әй жігіттер, бұларың қалай?» деуі мұң екен екеуі екі винтовканы Шомбырдың кеудесіне тіреп тұра қалды дейді. Аруақ қысып, намыстанған Шомбыр сол сәтте екеуінің қолынан көз ілестірмей екі винтовканы жұлып алып, тізеге салып талқандап, стволын майыстырып өздеріне лақтырып тастапты. Осыдан кейін шошынып қалған 5 орыстың көзінше ауып жатқан отынды құшақтап шанаға қайта сала салып: «Байлаңдар, кеттік!» деп тастатпай алып жөнелген екен. Кейін осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып Шомбырды Калмыковқа шақыртады. Шомбыр ешкімді ілестірмей, атын арғы беттің тоғайына байлап тастап мұздан өтіп жаяу ояздың конторына келіпті. Шомбыр кіріп келгенде офицер:
– Қалғандары қайда?! – деп ақырып жібереді.
– Қалғандарының кінәсі жоқ, бұларға қарсылық көрсеткен менмін – деп Шомбыр арыз беруші бес орысқа қарап қасқиып тұрды дейді. Офицер таңданып:
– Шынымен бесеуің мыны қазақтан жәбір көрдіңдер ме? – деп сұрапты.
– Иә – деген жауапты естіген бойда:
– Өздеріңе обал жоқ! Ұлы орыс империясының намысын аяққа таптадыңдар! Жоғалыңдар, көзіме көрінбей! – деп бесеуін контордан қуып шыққан екен. Осы кезде «Шомбыр Калмыковқа келді» дегенді естіп Калмыковтың орыс жігіттері 30-40 адам жиналып қолдарына темір келдек ұстап: «Чурканы өлтіреміз» деп торуылдап жүр дейді. Офицер осыларды терезеден көріп ойланып тұрып:
– Қазағым үйіңе қайтқың келе ме? – деп сұрапты
– Жіберсеңіз кетемін ғой – депті Шомбыр.
– Ана жігіттерді көріп тұрсың ба?
– Неғылар дейсің, көріп жүрген жігіттер ғой.
– Бара ғой ендеше – деп, Шомбырды есіктен шығарып жіберіпті. Бәрі бір өлтіреді деп ойласа керек. Шомбыр көшеге шығып Жайыққа қарай қадам басқаннан орыс біткен темір таяқпен жабыла кетіпті. «Аруақты ерге алпыс адам жабылса да түк қыла алмас» деген бар. Қолдары ұзын Шомбыр темір келдекті тәніне дарытпай қағып тастап шегіне жүріп төбелесіп, қыза келгенде орыстың біреуін көтеріп алып шырқ айналдырып орыспен орысты ұрған ғой. Өстіп Жайыққа дейін аман-есен жетіп, қолындағы шоқпар орысын лақтырып тастап әрі өтіп жүре беріпті. Осы оқиғадан кейін «Шомбыр Князға келді» дегенде көшеге орыс шықпайтын болыпты.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ШОМБЫРДЫҢ БЕС БАНДЫНЫ ҚҰРТҚАНЫ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Шомбыр Кеңес үкіметі орнағанда 60-қа жақындап қалған кезі екен. Қызылдан қашқан 5 ақгвардияшы банды атарбамен ауыл шетіне келіп кіріп, ат сұрап, тамақ сұрап мылтығын шошаңдатып елді қырып кете жаздапты. Оны естіген Шомбыр: «бұл бандылар жүрген жерінде талай қазақтың ауылдарын бүлдірер, шаруаларын осы жерден тындыра қояйын» деп ойлап түнде іздеп келіпті. Біреуі ауызғы үйде күзетте, қалған төртеуі ұйықтап жатыр екен. Кіріп келіп жалаңаш қолмен мылтықты бандыны ұрып өлтіреді де, бесеуінің мылтығын сыртқа шығарып тастапты. Қайта кіріп аруаққа сыйынып жіберіп қатарласып ұйықтап жатқан 4 бандының үстіне ақырып барып көлденең құлай кетіпті. Сол құлаған бойында төртеуін тырп еткізбей екі тізе, екі шынтақпен кеуделерін езіп жіберіп өлтіріпті. Бес өлікті өз арбаларына тиеп орман шетіне апарып жыраға көміп, арбасын бөлшектеп бұзып, бірге көміп таңға дейін ештеңе болмағандай тып-типыл етіпті. «Бұл жерден құдық қазып жүрмеңдер» деп ескертіп арбаның белтемірін белгі қылып үстіне шаншып кеткен екен.
– Жасырақ кезімде сиыршы боп отырғанда тоғай жиегіндегі сайдың шетінен құдық қаздым.Бір кезде құдықтың бір жақ қабырғасынан адам сүйектері шықты. «Бұл не болды екен?» деп әңгімелегенде қарттар: «Е ол баяғы Шомбыр қарттың істегені ғой, ол жерден құдық қазбасын деп ескерткен» – деп әңгімелейді Базартөбе ауылының тұрғыны Жұмағазым Нұрғалиев қария.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТАҒЫ ДА ШОМБЫР ТУРАЛЫ

Бірде Шомбырдың жалғыз аты тұсауымен жайылып жүрген жерінен жоғалып кетеді. Сұрастырса сәскеде жетегінде бес-алты аты бар үш жолаушы атты ұстап алып, шығысқа қарай кеткендігін айтады. Жайылып жүрген бір атты ұстап, тұсауымен еріндіктеп, жайдақ мініп, нұсқаған жаққа қуып кетіпті. Түс мезгілінде Шығыр деген құдықтан аттарды суарып жатқан жерден қуып жетіп, әй-шәйсіз өзінің құла атын жетектеп шығады. Құдықтан он шақты қадам жерде ұзын бойлы, жауырынды, өңі қорқыныштылау, жүресінен отырған адам өзіне шақырып:
-Жүректі жігіт екенсің, атыңды ала бер - депті. Сол адамның атақты Құныскерей екенін артынан біліпті.
ХХ ғасырдың 50 жылдары Базаршолан елді-мекеніндегі Қызылжар жеті жылдық мектебінің бір топ мұғалімдері жекеден соғымға жылқы сатып алыпты. Жылқыны қораға қамап, әрқайсысы өз үлестерін алып кете беріпті. Соның ішінде бір үлкен асау бие жігіттерге болмай, өзіне жақындатпапты. Сонда 90-ға келген Шомбыр ақсақал сол жерде кезігіп қалса керек.
- Әй жігіттер жылқы малын көп әурелеп, көндіре алмадындар ғой, маған беріп көріндерші - депті. Амалдары таусылған жігіттер асауды ақсақалға ұстата салыпты. Ақсақал бұғалық арқанды ептеп тартып, тарпаң биеге жақындай беріпті. Бір кезде биенің құлағына қолы ілігіпті. Сол кезде қарттың жалғыз ғана күрек тісі бар екен. Сонымен биенің құлағын тістеп алған екен бие қойдан жуас бола қалыпты. Биені ноқталап беріп, жігіттерге ұстатып:
- Енді тарпаңдамайды, жетектеріңе жүреді. Малдан жүрексінбей ыңғайын білсең, өзіңе еркін бағынады - деген екен.
(Әленғали Кереевтің "Қаратай" кітабынан алынды)

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ЕСКІРМЕГЕН МАХАББАТ

Шомбыр батыр жүз жыл өмірінде таңдап тұрып сұлу қыздың 18-ін алған екен деп ел аңыз қылады. Ұл бала болмай солардың бәрінен тек бір қыз ғана көрініпті. "Бұл неғылған бабник?" деп шошып қалмаңыздар. Шомбыр қарт бір де бір әйелін далаға тастамаған. Жаңадан бір сұлуға аңсары ауып үйленгісі келсе әуелі бұрынғы әйелін өз қолымен ұзатып жібереді екен. Яғни ауылда үйленбей жүріңкіреп қалған сүрбойдақ жігіт болса шақырып алып: "Әй інім, бойдақ жүргенің жетті. мына жеңгеңді аласың" дейді екен. Шөкең айтқасын кім қарсы тұрады. Осылайша бірталай бойдақты үйлендіріпті. Батырдың соңғы алғаны Тәтіш деген рулас апамыз болыпты. Қызықты қараңыз, Бұрынғы кемпірлері Шомбырдың үйімен араласып, сыйласып тұратын көрінеді. Қайныларын кезінде қойған атымен атайтын 17-нші кемпірі кейінгі шалынан тапқан немересін арқалап Шөкеңнің үйіне келіп әңгіме айтып, шай ішіп отырып:
- Шөкеңмен керім жақсы тұрып жатыр едік, мына қаншық араға түсіп ажыратып алды ғой - дейтін көрінеді.
Міне, нағыз ескірмеген махаббат!

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"