ҚҰНЫСКЕРЕЙ БАТЫР

ҚҰНЫСКЕРЕЙ ТУРАЛЫ БІР ӘҢГІМЕ

Бұл әңгімені Шапағат қариядан естіп едім.
Кезінде Чапайдың прокуроры боп қызмет атқарған Сағындықов Иғали деген болыпты. «Құныскерей бандыны қайтсе де ұстау керек» деген жарлық күшінде тұр.
«Қаратөбенің Шөптікөліндегі жалғыз үй пәтерші әйелге Құныскерей келіп жүр екен» деген хабар түседі. Иғали жанына 6 милиция ертіп суыт жүріп Шөптікөлдегі әйелдің үйіне жетеді. Түнде келіп аттарын сарайға қамап, ізін білдірмей, өздері үйге кіріп күтеді.
Винтовкаларын босағаға сүйеп қойып шай, ішіп жантайып жатса керек.
Түскі шайды орталағанда «Ассалаумағалейкүм!» деп Құныскерей кіріп келеді.
Қаруы қолында биік кісі босағаны тіреп тұра қалғанда, қаңтардағы бурадай қаһарлы көрініп милиция біткен мысықтан бұққан тышқандай қыбырсыз қалды дейді.
Құныскерей бұлар жатыр-ау деп айылын жимастан, мылтығын босағаға сүйей салып:
–Бәйбіше, шөлдеп келдім, шәйіңді дәмдеп құй, – деп самауырға тақау жантайып жата кетіпті.
Милицияларда үн жоқ. Бәрінің белінде наганы болса да қимыл жасап қайрат көрсетуге Құныскерейдің пысы басып біреуі де тырп ете алмайды.
Тапанша Құныскерейдің де белінде тағулы. Жым-жырт тыныштықта 3-4 кесе шай ішкен соң Құныскерей айтты дейді:
–Е, жігіттер, ін түбіндегі қорқаудай болып мені аңдып жатырмын деңдер. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген. Жетеуіңді де «сипап» кетуге болар еді, бірақ, сендер де мен де бұл үйге қонақпыз ғой. Біреудің үйін қандамайық. Мен керек болсам анау қырқаға келе қойыңдар, сол жерде соғысайық! – деп асын қайырып шығып жүре беріпті.
Бұлар терезеден көріп отыр.Үйден кішкене ұзап дыбыстап еді, қырқаның арғы жағынан ақбоз аты шауып алдына келді дейді. Атына қарғып мініп қыр асып желе жөнеліпті.
–Ал, не қыламыз? Әлгінің артынан қуамыз ба, қумаймыз ба? – дейтін көрінеді милициялар өз-өздеріне келген соң.
Ақыры, көре-пара қолдан жіберген адамды қуып ештеңе бітірмеспіз, аман тұрғанымызда үйге қайтайық – деп бәтуаласып: «Құныскерей бандыны таба алмадық» деп ауданға қайтып кеткен екен.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

 


ТАҒЫ ДА ҚҰНЫСКЕРЕЙ БАТЫР ХАҚЫНДА

«Батыр деп айтуға болмайды
Оқ қағары болмаса...»
Құныскерейдің руы Ысықтың Тоғызбайы. Мекені Тайсойған құмы.
«Неліктен Аманғали Нарында жүр
Неліктен Тайсойғанда Құныскерей?!»– деп Т. Досымов өзінің «Аманғалидың монологы» атты өлеңінде нақақ қуғын көрген ел арыстарын жырына арқау еткен. Құныскерей туралы аз жазылған жоқ. Біздің айтқалы отырғанымыз Құныскерейдің ақыл-парасатын әйгілейтін әңгімелер.
Үлкен мамамның туып-өскен жері Тайсойған құмы еді. 1902 жылы туылған ол, бой жетіп ұзатылғаннан кейін қызылдың дүрбелеңі басталыпты. Құныскерей сияқты ер көңілді, мәрт мінезді азаматтар қуғынға түсіп банды атанған.
«Шағылдың ішінен түйе қарап жүр едім, – деп әңгімелейтін мамам. Бір биік құмның басына шыға келсем ар жағындағы терең шұңқырдың ортасында ат шалдырып Құныскерей тұр екен. Құныскерей ұзын бойлы, мұрны қоңқиған, көздері шыңыраудың түбінен көрінгендей боп, адамның өңменінен өтіп кететін өткір, сұсты адам еді жарықтық. Қылт еткенді қағып түсірер қолмерген екені белгілі. Қаптай қуған қызылдың талай милициясын қан қаптырған банды деген атағы тағы бар. Қорыққанымнан сұс болып қатып қалыппын. Құныскерей маған жалт қарады да, түсін жылытып:
–Е, шайтан сен екенсің ғой. Бар, мені көрдім деп ешкімге айтпа – деді...»
Мамам жасында көрікті болған кісі. Елінен қуғын көріп, тірі жанға сенбей, сергелдең күйде банды атанып жүрсе де Құныскерей иен шағылдың ортасында оңаша кездескен жас әйелге қиянат қылмайды. Біреуге айтып қойып ізіме түсірер-ау деп қаһар қылып қорқытпайды да. Бұл оның бойындағы биік бекзаттықтың бір көрінісі болса керек.
Әнебір жылы Тайсойғанға апарып аталарымыздың мекен еткен жұртын, бейітін көрсетіп жүргенде Ақам айтқан мына бір әңгіме де көкейімде.
Біздің аталарымыз отырған Усаның ауылынан әрірек шағылдың шетінде бір иесіз қыстау
бар екен. Мәмила есімді кісі мал іздеп жүріп, сол қыстаудың ішін қарай кетейінші деп бұрылыпты. Келіп үңірейіп тұрған терезеден қараса, атын ішке кіргізіп бекітіп қойып, бір бақыр шелекке ет пісіріп жеп отырған Құныскерейдің үстінен шығады. Баяғы банды Құныскерей!
–Кір ішке! – деп әмір етіпті.
Мәмила Құныскерейдің оғынан ешкім тірі құтылмағанын біледі. Сондықтан қашып кетуге тәуекелі тұрмай амалсыз ішке енеді.
–Тамаққа кел – депті Құныскерей.
Екеуі етті жеп алады.
–Не іздеп жүрсің?
–Жай, бір саяқ малдарымды қарап жүр едім – депті Мәмила.
–Ай, антұрған Мәмила сен мені қарап жүрсің ау – деп Құныскерей Мәмиланы сыртқа алып шығып шидем күпісінің екі жеңінен бір құлаш сырғауыл ағашты арқасын бойлай өткізіпті. Содан соң құдықтан оншақты шелек мұздай суды төбесінен төмен қарай құйып, атына көтеріп мінгізіпті де тізгінін аузына тістетіп:
–Анау Усаның үйіне дейін шап, өлмейсің! – деп атты сауырға бір тартып қоя беріпті. Күздің қарасуық күні. Үй ол арадан үш шақырымдай. Атамыз үйде жоқ екен. Әжеміздің құлағына сырттан бір ыңырсыған дауыс келетін көрінеді. Шығып қараса ат үстінде қарақшыдай қақшиып, екі қолы екі жақта, суықтан қалшылдап, тілі икемге келмей, тұла бойынан су сорғалаған Мәмила байғұс тұр дейді.
Әлгіні аттан аударып түсіріп, ағашын алып, үйге әкеліп жылытып тірілтіп алған көрінеді. Не керек, тұмауратып пеш түбінен шықпай үш күн жатыпты. Ол уақытта Құныскерей де ізін суытып үлгерді емес пе?!
Міне Құныскерейдің тағы бір қасиеті осы оқиғадан көрініс береді.
Біріншіден; «аузы жеңіл, осы мені сыртымнан сатып, ұстап береді-ау» деп қауыптенсе де өзіне тікелей тиіспеген қарапайым адамды өлтірмейді.
Екіншіден; Мәмиланы босатқанмен әріге барып хабар беруге бірден шамасы келмейтіндей әдіс-айла қолданады. Ат-тонына қызықпайды. Бұл бандыдан емес, нағыз адал қандыдан табылар қасиет шығар. Құныскерей туралы біз білетін әңгіме осындай.
Жазба Құттымұрат Құлтумаұлының «Ар жақтан Тілеубай мен Шолым өткен» кітабынан алынды.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ҚҰНЫСКЕРЕЙ БАТЫР ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

Кезінде атағы жер жарған Құныскерейді ұлттық құндылықты бойына сақтаған батыр деп бүгінде насихаттай алдық па? Құныскерейдің бекзат болмысын, мәрт мінезін, батырлық қасиетін жете білмей, қазіргі замандағы түн қатқан кейбір ұрыға «Құныскерей» деп айдар таққанымыз менің намысыма тиеді.
Құныскерей кім еді?
Ең әуелі ұлттық құндылықты, қазақы қадыр-қасиетті жоғалтпаған жан еді. Оған үйіне келген қонағын сатпаймын деп банды болып кеткені бір дәлел.
Екінші аруақты туған парасатты ер еді. Құныскерей банды атанып жүргенде серік болғалы белсеніп шыққан талай мықты жігітті жанына ерітпеген ғой. «Батырлығыңды білемін, бірақ оққағарың жоқ. Оққа ұшырып алып обалыңа қалармын» деп жалғыз жорытқан.
Үшінші ақыл мен айлаға жетік, әрі ересен қара күш иесі болған. Ол туралы «Dana kaz» журналының бұрынғы санында жазылды.
Төртінші қылт еткенді қағып түсіретін, «атқаны аман кетпеген, тигені тұяқ серіппеген» қолмерген болыпты. Мамам марқұм айтушы еді:
«Тайсойғанда отырғанда жас кезімізде көрдік. Құныскерей қонып жатырған үйді қызылдың милициялары қоршап алып, тас дуалдың сыртына бұта үйіп, біздің үйдегі бүкіл керосинді тартып алып кетіп ағашқа құйып өртеді. Өздері мылтық төсеп күтіп жатыр. Бір мезгілде қара түтіннің арасынан ақбоз атпен қарғытып шыға келді ғой батыр. Милиция біткен жан-жақтан тарсылдатып атып жатыр. Дарып жатқаны көрінбейді. Ортасын жарып өтіп бара жатып, құлшынып келіп қалғаны болса қолын бір сермеп атады. Оқ тиген милиция серейіп барып құлайды. Қайтып тұрмайды. Біреуін жақындатпастан жалғыз жортып жоқ болып кетіп еді».
Құныскерей туралы Шапағат қария шерткен мына бір әңгіме де батырдың болмысын ашар тарихи шежіре.
Бұл 1920-21 жылдар шамасы. Құныскерей банды Жайық бойынан асып Тайсойған құмына кірді дегенді естіп замначалник Қартқожақов Жұмабай деген чекист бастаған милициялар атқа қонады. Сол маңда себек-беріш Ибыраш деген ізшіл шал бар екен, соны қорқытып бірге ала шығыпты. Құмдағы ізді қолмен жазғандай оқитын Ибыраш қарт қызылдың милицияларын соңынан шұбыртып Құныскерейдің ізіне түсті дейді. Құм шағылдың ортасына сұғына енген кезде әлдеқайдан мылтық гүрс ете қалыпты. Оқ бойы алда шауып бара жатқан Ибыраш қарттың басындағы киіз қалпағы анадай жерге ұшып кетеді. Бұл Құныскерейдің ізші шалға ескерткені екен.
Ибыраш ізші сыр алдырмастан, «із былай кетті!» деп сол сәтте басқа бағытты бетке ұстап шаба жөнеліпті. Соңынан ерген милицияларды кешке дейін шағылды шарлатып, аттарын болдыртып, бандыны таппадық деп қайтып келіпті.
Қайран, біздің елдің жігіттері-ай!

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"