ТЕРІС ОҚУ ПАЙДАЛЫ МА?

Теріс оқу деп қазақ дуа оқуын айтқан. «Нақу бітірген молда пері ұстапты» деген сияқты ертегіге бергісіз әңгімелер ел ішінде әлі айтылады. Біздің төртінші атамыз Тілеубайдың үлкен ұлы Сыдиық ғұлама ишан атанған адам. 1937 жылғы қызылдардың қырғынында Дүйсентай деген ағамыз ишан атамыздан қалған бір сандық кітапты көмбек болады. Байдың ұрпағы, молданың тұқымы болсаң бүйідей тиіп, қырып-жойып жатқан заман. Дүйсентай да ескіше білімді «Молдаақа» атанған кісі екен. Тайсойған құмындағы аталарымыздан қалған ескі қыстауға келіпті. Жанына Құттымұрат ақамызды ертеді. «Ал, балам, мынау ғұлама, сұпы аталарыңнан қалған мұра. Болашақта ескіні жоқтайтын заман болса бір қажетіңе жарар. Жадыңнан шығарма» дейді.
«Қоржынға теңдеп әкелген кітаптарды сандыққа салмас бұрын Молда ақам қыстаудың іргесінен 2-3 тасын алып орын әзірледі. Мен әуесқойлығым ұстап кітаптарды ашып қарай бастадым. Бір үлкен кітапты ашқанымда ішінде үлкен төртбұрыш сызылған екен. Төртбұрыштың іші-сырты қарама-қарсы орналасқан үшбұрыштар. Әр үшбұрышқа арабша жазу жазылған. «Осындай да кітап болады екен?» деп қызықтап парақтап отырғанымда Молдаақам көріп қалып түсі бұзылып кетті.
– Құттымұратжан, қалай қорықпай ұстап отырсың? Бұл дуа кітабы ғой! – деді.
Шошып кетіп жаба салдым. Сасқанымнан:
– Сіз болғасын қорықпай отырмын ғой, Молдаақа – деппін.
Молдаақам кітаптарды сандыққа мұқияттап салып, сыртын құрым киізбен орап қуысқа тығып еді» деп есіне алатын Құттымұрат ақам.
Осы жерде Шапағат Хабибуллин ақсақалдың да әңгімесін келтіре кетейік.
1944-інші жылдары Қызылақырап колхозында ауылдық кеңес хатшысы болып қызмет атқардым. Жас жігіт шағым. Құмартөбеде Арыстанғалидың Мұхамеджаны деген қынық указной молда нағашым болды. Екінші нағашым Қызылақырапта өзіммен көрші тұратын Байтоқаның Бағысқалиы деген. Екеуі де құран-хафиз молда кісі. Менің ықыласым олардан гөрі ысық Кенжеғали дегенге көбірек ауды. Кенжеғали Қарасу ауылында тұрады. Дуакер кісі. Жұрт қорқады. Менің жастықтың желігі билеген көңіліме неше түрлі қиял кіреді. «Кенжеғалидай болсам. Кейбір есем кетіп жүрген есіріктерді есінен тандырсам, сұлу қыздың жүрегін жаулап, құдыретіме жұртты нандырсам!» деген сияқты әзәзіл ойлардың әсеріне берілем. Кенжеғалимен жақсы танысып, араласып тұратын болдым.
Жаздың бір күні Кенжеғалидікіне түс ауа келіп ішке кірсем ешкім жоқ екен. Төрге барып қисайып, дем алып жаттым. Үй-іші қараңғы. Шыбын кіреді деп терезелерді бүркеп тастаған. Көзім ілініп кеткен екен, бір мезгілде сырттан Кенжеғали кірді де пеш үстінен кітап ақтарып, біреуінен көшіріп тілдей қағазға бірдеңені жазып, қалтасына салып кідірмей шығып кетті.
Мені байқамады. Ол шыға салысымен пеш үстіндегі кітаптарды мен барып ақтардым. Тұмарша сызықтардың іштеріне жазылған айбақ-сайбақ арабша жазу. Ештеңесіне түсінбеймін. Дуа кітабы екенін ішім сезеді. Қарап-қарап, төрт кітапшаны дорбама салып алдым да үйден шықтым. Кенжеғали кетіп қалыпты. Мені көріп тұрған ешкім жоқ. Ендігі мақсатым молда нағашыма апарып кітаптың кілтін тауып, үйреніп алу. Желіп отырып Құмартөбедегі Мұхамеджан нағашыма келейін.
– Ассалаумағалейкум, нағашы!
– Уағалейкумассалам, жиен, жоғары шық.
– Нағашы, мынандай кітапты оқи аласың ба?
Нағашым мен алдына тастаған кітаптарды көргенде бүйі көргендей шошып кетті.
– Әй, мынау Кенжеғалидың кітабы ғой?
Қайдан алып жүрсің? Әкет! Әкет!
Нағашым мені үйретеді десем, кітабыммен қосып қуып жатыр. Өзімше өкпелеп аттанып ауылыма келдім. Ендігі үмітім Бағысқали нағашым. Бәкеңдікіне барып кітапты көрсетіп едім.
– Өй, мынау Кенжеғалидың кітабы ғой!
Теріс оқуда нең бар? Басты ауыртатын кітап қой, әкет! Алған жеріңе апарып таста! – деп нағашым азар да безер болды.
Сөйтіп екі молдадан сөгіс алып, көңіліме қорқыныш кіріп, ертеңінде кітапты апарып тастамақ болдым. Жолда Кенжеғали қарсы ұшырасты. Кенжеғали атжақты, қырмұрынды, жыланкөз, тізесі ат құлағын қағатын ұзын бойлы, сидаң кісі еді.
«Япырмай кешегі ұрлығымды біліп, сазайымды тарттырғалы келе ме?» деп жүрегім дүрсілдеп барады. Кенжеқаң күле амандасты да:
– Шапағат біздің үйге барамысың? Бопты. Мен кештеу қайтамын – деп асып жүре берді. Сөйтіп басыма сор бола жаздаған дуа кітаптарын орнына апарып тастап ендігәрі жоламайтын болдым – дейді Шапағат қария.
Осы екі оқиғадан-ақ біз «теріс оқу» атанған дуа білімінің адамзатқа зиянды екенін байқаймыз. Ертедегі оқымысты ғұламалар жеті ғылымның бірі ретінде Нақу ғылымын игергенде зұлымдықтың алдын алып, түнек күштерінен қорғануды мақсат тұтса керек. «Қара суды теріс ағызар күшті оқуы болса да, «істеуге рұқсат жоқ» – деп қолданбай қарапайым ғұмыр кешіп небір ғұлама өтіпті дүниеден» – деп қарттар әңгімелегенде сенер-сенбесімізді білмейтінбіз.
Өмірін құдайға бағыштап халыққа қызмет етуге арнаған әулие-ғалым ешбір сиқырдың, тылсымның күшіне сүйенбей өзінің адал еңбегімен күн көреді. Оған әулие-емшілердің ішінен бір ғана Арыстан атаны мысалға алсақ жеткілікті. Нақу бітірген Арыстан қарттың құран ашатын да өнері болған. «Құранның жеті түрлі мақамы болады екен. Соның бір мақамына салып оқысаң алдағы оқиғаны көріп-болжайтын қабілетіңді ашады» – дейтін әңгіме де бар. Арыстан қарттың құран ашып көріпкелдік жасауы да оның ғалым екенін көрсетсе керек.
Ал, енді теріс оқудың күшімен пері ұстап, жынға жұмысын жасатып, отын- шөбін әкелдіріп өмір сүруші молдалар да болған.
Баяғының бақсылары қобызға қосылып сарнап, жын-шайтанды үйіріп небір керемет істер жасағаны белгілі. Қобызын бәйгеге қосқан Қойлыбай секілді қанша құдіретті болса да жын-шайтанмен қосылған адам оңбайды. Тірісінде көлденең дүниенің тіршілік иелерін құл қылып пайдаланса, өлгенде өзі соларға құл болмақ. Бақсының моласын қауымға қоймай бөлек қоятын қағида осының дәлелі.
Бисекеш ақынның өгей әкесі Ғұбайдолла қарт мал қарап жүріп Сүндет деген молданың үйіне тап болыпты. Айдалада түтін шығып жатқан соң барса, жалғыз жер қыстау. Айналасында қора да, мал да, шөп те жоқ көрінбейді. «Екіндіде ел тастама» деп атын бекітіп ішке кіреді. Кірсе үйде Сүндет қарт кемпірі екеуі ғана екен.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам! Қош келдің. Төрлет.
– Әй, балдар, қонақтың атын суытып, жайластырыңдар. Мал әкеліп сойыңдар! – деп қарт ауызғы үй жақа қарап дауыстайды. Кемпірдің қолынан шай ішіп, Ғұбайдолла сыртқа шықса үй алдында бір кебен шөп тұр. Атын шөптің ығына апарып қойыпты. Бұл құдіретке таң-тамаша қалып ішке кіреді. Сөйтсе ауызғы үйде бір табақ жаңа сойылған семіз қойдың еті тұр дейді. Кемпір қазан көтеріп ет асады. Бұлар үшеуі төргі үйде отырғанда ауызғы үй тышқан жүгіргендей тықырлай беріпті.
– Әй, балдар, қонақтың мазасын алмай тыныш отырыңдар! – деп Сүндет молда тағы дауыстап қойды дейді....
Міне, Тайпақ өңірінде осындай да оқымысты молдалар болыпты. Біз мұны сиқыршылықты дәріптегелі әңгімелеп отырған жоқпыз. Кез-келген оңай олжаның артына қиын төлеуі болады. Табақтағы ет аспаннан түскен жоқ, біреудің қойын жындары жымқырмаса қойдан келді? Қорасы, малы, шөбі жоқ айдалада тұрған адамның қалаған нәрсесіне оп-оңай ие болуы адал еңбекке, адамгершілікке жата ма? Әрі-беріден соң Құттымұрат ақам мен Шапағат қарт білместіктен дуа кітабын ұстағанда оқымысты кісілер ол кітаптан негі шошиды?
Қазіргі таңда ішірткі, дуа беріп, әзәзіл жолға түсіп, талайды мерт етіп жүрген сиқыршысымақтар осыған ой жіберсе екен дейміз.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"