АЛАША ОШҰРТЫ БИ

Ошұрты бидің туып-өскен жері Нарын құмы. «Беріштің жиені екен»- деп айтады шежіреші қарттар. Заманында ел ұстап дауды шешкен, елдің бетке ұстар ірі билерінің бірі болған. Хиуа, Бұхар жерінде болатын би сайысына Кіші Жүзден жеті би барыпты. Олар Әлім, Қарасақал Мөңке би, Кердері Намаз би, Есентемір Бөкен би, Беріш Бегәлі би, Байбақты Сырым би, Әлтеке Үкі би және Алаша Ошұрты би екен. Хиуаға жақындағанда Ошұрты сол жердегі бір қойшымен үстіндегі киімін алмастырып киініп алады. Хан сарайына келіп, барлығы ханның қабылдауына кіреді. Келген ығай мен сығай билерді бір-бірлеп ханға таныстыра келіп: «мынау алаша Ошұрты би!» – дегенде Ошұртының үстіндегі жыртық шекпеніне қарап хан шалқасынан түсіп күліпті.
Содан сайыс басталып, алқаға небір жүйрік, дүлдүл шешендер сөз жарысына шыққанда Ошұрты Сырымнан кейін екінші орын алған екен дейді. Сырым батыр «кеуделі би» атанып, Ошұртыға «бөкселі би» деген атақ беріпті. Хан айтыпты:
– Жаман киіммен келсеңіз де жарқырап көрініп, үлкен құрметке ие болдыңыз. Сіз секілді биге әрдайым қазіргідей зерлі шапанмен, сұлу киіммен жүрген жараспас па? – депті. Сонда Ошұрты:
– Әуелгі киімім сіздің елдің кісісінің киімі еді. Әдейі киіп едім. Сіз ол киімді менсінбей шалқалап күлдіңіз. Қырық кісінің ақылы қонған хан болсаңыз шекпеніме қарама, еткеніме қара! – деген екен.
Шапағат Хабибуллин қарттың әңгімесі.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"