ЖАҢАБАЙ БАТЫРДЫҢ ХИКАЯСЫ

Сейтек Жаңабай Ысықтың батыры екен. Сол елдің ұрылары Мәтенқожаның жылқысын алыпты. Мәтенқожа батырға хабар айтып:
– Егер жылқымды ұрламадым десе құран ұстап ант берсін, – депті.
Жаңабай ашуланып, таң атпай келіп:
– Егер мен алсам құран мені ұрсын, алмаған болсам құран сені ұрсын! – деп қолындағы киізбен қаптаған үлкен құран кітабымен төсекте жатқан қожаның көкірегінен салып қалыпты. Мәтенқожа талып қалып, өзін басынғанына, қолын батырғанына шыдай алмай айтты дейді:
«Жалғызыңды жардан ұшырармын!» деп.
Жаңабайдың мың қойы бар екен. Қыс өтіп қойды жайлауға айдағанда Ойылдың мұзы ойылып кетіп қойлары суға түседі. Жігіттері жабылып құтқарысып, құрғаққа шыққан соң қосты құрып жіберіп от жағыпты. Жаураған жігіттерін әлдендіру үшін қой сойып, қазан көтереді. Батырдың екі жасар баласы бар екен. Суға түсіп, жүре алмай от басына жатқызып қойған қойдың біреуі бойы жылынған соң тұрып кетіпті де, тегенедей құйрығымен ошаққа сүйкеніп қазанды аударып тастапты. Қайнап жатқан бір қазан ет от жанында ойнап отырған баланың үстіне төңкеріліп сәби табанда өледі. Жаңабай батыр таңертең тұра сала бір түйеге тарту артып Мәтенқожаны іздеп келіп:
– Ау, жалғызымды жардан ұшыратын қожа қайда, шықсын! – деп дауыстапты.
Мәтенқожа үйден шыға келгенде бұйданы аяғының астына тастай салып бұрылып жүре берді дейді. Бұл батырдың: «Райымнан қайттым. Айып менен. Сен де қайт» – деген ишараты екен. Анадай жерге барған кезде Мәтенқожа батырды қайыра шақырып алып:
– Қарғасаң қарғыс қара тастан өтер деген. Қайтып ала алмаймын. Бес жылдан кейін бір перзент көрерсің – депті.
Әулиенің айтқаны келіп Жаңабай ұлды болады.Ол ұл ер жетіп, әкесі баласына Шыңғырлау бойында тұратын Табын Нармағанбет деген батырдың қызын айттырып, алып беріпті. Батыр қартайып тізгін қолынан кеткен кезде жалғыз бала әкесін бақпай аулаққа, қосқа шығарып қойыпты дейді.
Бір күні Шыңғырлау жағына сапар шегіп бара жатқан бір топ жолаушы шал жатқан қосқа келіп аялдайды. Жаңабай оларға:
– Шыңғырлаудағы Нармағанбет құдама сәлем айта барыңдар. Құдаңыз байып Қаракөл бойында қостанып жылқы бағып жатыр, жылқысы болса қоссын! – деп сәлем жолдапты.
Кешікпей хабар Нармағанбетке жетеді. Ол ештеңе демей, сәлемшілерді сыйлап шығарып салып, ертемен аққұйрық атын ерттетіп жалғыз аттанып шығыпты да қайта келіп, керегедегі қылышын сұратып алып суыт жүріспен бір күнде құдасының ауылына түсіпті.
Алты қанат ақбоз үйде отырған қызы суыт келе жатырған әкесін алыстан танып:
– Дос үйдің артынан келеді, дұшпан есіктің алдынан келеді деуші еді. Әкем бізге бір бүлікті салғалы келе жатқан секілді. Алдынан шығып ашуын сұрайық – дейді күйеуіне.
Екеуі қол қусырып алдынан шыға бергенде Нармағамбет ақырды дейді:
– Қайтыңдар! Құдамды дереу мына ақбоз үйге кіргізіп менің көзімше аяғына жығылып кешірім сұрамасаңдар, бастарыңды шабайын деп келемін! – депті.
Осылайша қыз-күйеуіне тәртіп беріп құдасын күтімге алдырған екен.
Құттымұрат қарияның әңгімесі.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"