СЫРЫМНЫҢ 6 ЖАСЫНДА БИЛІК АЙТУЫ

Байбақты Сырымның бала кезінде сол ауылдың ақсақал биіне бір сүрбойдақ жігіт ақыл сұрай келіпті. Әлгі би келген адамды тыңдап болып:
– Бұныңа төрелік айту ана ойнап жүрген Сырымның да қолынан келеді – депті, – сенбесең барып сұрап көр!
Келген жігіт бидің балаға сілтегеніне өкпелеп кетіп бара жатып: «сұрасам сұрай кетейінші» деп шыбықты ат қылып ойнап жүрген кішкентай Сырымды тоқтатып:
– Інішек, үйлену үшін биден ақыл сұрай келіп едім, – депті, – бұрыннан атастырған қалыңдығым бар, соны алсам ба екен? – дей бергенде Сырым жұлып алғандай:
– Сен білесің! – деп тақ ете түседі.
– Ағам өліп жесір отырған жас жеңгем бар еді, соны алсам ба екен? – дегенде:
– Мен білемін! – депті Сырым.
– Болмаса, байдан қайтып келіп отырған тағы бір келіншек бар. Құрғырдың қылығы тәтті. Соны алсам ба екен деп бір ойлаймын – дегенде тыңдап тұрған Сырым бала «шүу!» деп шыбық-атын бір салып шауып ойнап кете беріпті.
Ештеңе түсінбеген әлгі жігіт биге қайта барып: «бала балалығын жасап ойнап кетті. Сұрағыма жауап бермеді» – дейді.
Сонда би болған жайды жақсылап сұрап алып:
– Сырым билікті дұрыс айтты,сен Сырымның ишаратын түсінбеген екенсің – депті, – «Сен білесің» дегені – қыздай алған әйел әрдайым қасың мен қабағыңа қарап сенің айтқаныңды қылар дегені. «Мен білемін» дегені – жеңгенің аты жеңге, саған онша көп тізгін бере қоймас дегені. Ал, үшінші сұрағыңа жауап бермей «шүу!» деп шауып кеткенінің өзі – жауап. Өйткені біреуге опа бермей қайтып келіп отырған қатын түбінде сенен де шығысып, «шүу» деп қайқайып отырмасына кім кепіл? – деген екен.
Мұрат Ғұбайдуллин қарттың әңгімесі.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"