Бүгінде басына ел түнейтін әулие Мәтенқожаның руы Қожа.
Жас жігіт Мәтенқожа өз бойында құдай берген қасиет барын білмейді екен. Бір күні жиын болып жатырған үйге кіріп келсе отырғандар: «жоғары шық» десіпті. Сонда үйде отырған бір құрдасы әзілдесе де зілді қылып:
– Бұған төр не керек? Үсті-басын түк басқан құл неме, отырсын босағада, әйелдердің қасына! – депті.
Әлгі сөзді Мәтенқожа көңіліне ауыр алып, табан аузында үстіндегі құлын жарғағының көкірек тұсы дар етіп айырылып кетіпті. Ал, тіл тигізген жігіттің ішек-қарыны ақтарылып алдына түсті дейді.
Мәтенқожаның 80-ге келген кәрі әкесі бар екен. Үйінде жатып біліп, алдынан шығыпты:
– Шырағым-ай, білмеуші ме едің? Көкірегіңде қырық бір оғың бар еді ғой. Қазір соның біреуін жұмсап келесің-ау! Жауыңа атар оғыңды жақыныңа жұмсай берсең сенде не қасиет қалады? Екінші сақ бол! – деген екен.
(Құттымұрат Құлтумаұлының "Ар жақтан Тілеубай мен Шолым өткен» кітабынан алынды)
Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы