ЖОЛАУШЫНЫҢ СӘУЕГЕЙЛІГІ

1943-інші жылдың науырыз айы. Күн кешкіре бастаған шақ. Есенсай ауылында тұратын механик Құдайберген Есжанов үйінде таспамен түйе қамыт жамап отырды. Көктем болса келіп қалды. Ақаулы моторларды жөндеуден өткізу үшін Оралға апару туралы тапсырма алып еді. Баласына соғысқа шақырту қағазы келіп ол да ертең аттанатын боп іштен тынып төрде жатқантұғын. Үй-іші көңілсіз. Соғыс сүреңді алып, жоқтық іреңді алып тұрған заман. Бір мезгілде:
– Ассалаумағалейкүм! – деп сырттан біреу сылти басып кіріп келді.
Өз ойымен өзі әуре болып отырған Құдайберген бас изеп қойып шаруасын жалғастыра берді. Баласына оң сапар тілеп кіріп-шығып жатқан ауыл кісілерінің бірі шығар деген ой жылт етті. Келген кісі төрге озбай босаға жақтағы ағаш орындыққа үн-түнсіз отыра кетті. Сүт пісірімдей уақыт қыбырсыз отырған жолаушы ертең жол жүрем деп қамданып, қамытпен әуре боп отырған Құдекеңе қарап:
– Ертең алысқа жүрем деп бекер асығып отырсыз, бара алмайсыз ғой – деді жайлап қана. Одан соң төрде жатқан жігітке қарап:
– Мынау дөңкиіп жатқан балаңыз ба? Ертең ұзақ сапарға шығам деп текке уайымдамасын, ол да бара алмайды ғой – деді.
Құдайберген көзінің астымен бір қарағаны болмаса себебін сұрап жатпады. Қабағын түйіңкіреп қойып жұмысын жалғастыра берді. Осы кезде жолаушы сыртқа кіріп-шығып жүрген Құдайбергеннің әйелі Айжанға қарап:
– Сағызша созылған замандас, шалыңыз сізді «өліп қалады-ау» деп қорқады екен. Бірақ сіз өлмейсіз, әлі осы қалпыңызда шалыңыздың соңында қаласыз – деді тағы да.
Құдайберген ашуланарын да, таңданарын да білмеді. «Бұл қайдан шыққан кісі? Не оттап отыр? Әйелім туралы менің не ойлайтынымды қайдан біледі?!»
Келген кісі тағы кішкене үнсіз отырып:
– Осы үйден былтыр қой жоғалыпты-ау, екі-үш күнде екеу болып қайтып келгелі тұр екен – деді.
Малды айтқанда Айжан да Құдайберген де елең ете түсті. Тіске басып талшық қылып отырған азғантай ұсақ жандық кімге де болса қымбат. Оның үстіне жоғыңды тап басып, «табылады» деп отырса тегін адам болмады.
– Замандас, ауыз жақта отырып қалдыңыз-ау, былай төрге қарай шығып отыршы – деді Құдайберген келген кісіге зер сала қарап.
– Рахмет, отағасы. Біз төрт адам едік. Чапай заготзернасынан тұқым алуға кетіп барамыз. Әрірек барып қонбақпыз. Бізге қапшыққа салып қойған жол азығыңыздың шетінен бір пісірімдік тамақ берсеңіз болды – деп жолаушы асығыстық танытты.
– Кемпір-әй, алып берші – деді Құдайберген.
Жолаушы рахметін айтып шығып шығып кеткен соң да; «әлгі өтірік бірдеңелерді айтып бықсытып кетті-ау. Жүрейін деп отырған адамға ақ жол тілеудің орнына жүрмейсің дегені несі? «Өтірік айтқан жерде көп тұрма» деп тайып отырды-ау» деген сияқты ойлар Құдайбергенді мазалай берді. Осындай ойлармен таң атырып, баласымен қоштасып, түйе шанаға моторларды тиеп ауылдан 3-4 шақырым ұзай бергенде:
– Құдаш, Құдаш!! – деген айқай шықты.
Соңдарынан аттылы кісі шауып келеді екен.
– Жаңа ғана Оралдан рациямен хабарлады, «Чапайдың арғы жағы қар еріп, тоң түсіп кеткен, жүре алмайсыңдар. Қайтсын деп жатыр» – деді келген кісі.
«Ойпырмай кешегі кісінің бірінші айтқаны дәл келді!» деп ойлады Құдайберген. Ауылға қайтып түсте үйіне келгенде майданға аттанған баласы да арсалаңдап кіріп келді.
– Военкомат шақыртуды кейінге қалдырып, қайтарып жіберді – деді.
Үй-іші қуанышқа кенелді. «Кешегі кісі көріпкел ме, әулие ме, әлде Қыдыр ма? Есімін де сұрауды ұмытып кеткенімді қарашы!» деп өкінді Құдайберген.
Бір-екі күн өткенде қастарындағы екі көршісі өзара ұрсысты. Ұрыс-керіс қыза келгенде біреуі-біреуіне:
– Сен былтыр ана Құдайберген көршіңнің бір қойын ұрлап сойып алғаныңды білемісің?!– деп айқайлап ауылға естіртті.
Қараңғы түсе «ұрлады» деген көрші Құдайбергендікіне келіп:
– Былтыр балалар жаңылыс сойып алып, ұялып айтпаған екен, айып етпеңіздер – деп қозылы қой жетектеп әкеліп тастады.
Сөйтіп бейтаныс жолаушының үш болжамы қолмен қойғандай келді де тұрды.
Арада бір жұма уақыт өтті. Ертеңгілік кеңсе алдында тұрған Құдайбергеннің қасына сылти басып баяғы адам келіп амандасты.
–Үйге жүріңіз, қонақ болыңыз – деп жік-жаппар болған Құдайбергенге қарап тұрып әлгі кісі:
– Рахмет, әнеукүнгі жәйттердің хабарын біле кетейін деп бұрылып едім – деді, –Балаң екеуің кете алдыңдар ма?
– Жоқ.
– Қойың табылды ма?
– Иә.
– Е, бопты – деп жөнеле берген жолаушыны тоқтатып:
– Жарқыным, есіміңді білдіріп кетші – деді Құдайберген.
– Есімім Арыстан болады – деп жылы жымиған жолаушы Тайпақты бетке алып жүріп кетті.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"