ЖЕЗБҰҒА ӘУЛИЕ

Жезбұға бойына ерен күш біткен палуан қыз екен. Жезбұға Ақжайық ауданы Чапай қаласының бірінші бөлімшесі Байқана ауылы маңында жерленген болса керек. Сол жерде Жезбұға деп аталатын су да бар. 1930 жылдары ауыл қасынан Жезбұға суының бойына сиыр қора салынады. Асыл тұқымды мал ұстаймыз деп арнайы салынған үлкен қораны бітіріп болып, ауылда той өткізіп қыруар уәкіл ертесі келсе қораның үсті жоқ дейді. Кеше салынған бәлен метрлік қораның үстінгі төсем ағаштарын бүткіл шөп, күбір, топырағымен қоса тік көтеріп 5-6 алты шақырым жерге апарып тастапты.
– Бұл халық жауларының ісі!– деп бір уәкіл шу көтереді.
Көпшілік жағасын ұстап таң-тамаша қалады. Бірақ ешкім батып ештеңе айта алмайды. Уәкілдер әрі айқаласып, бері айқайласып ақыры бұнда бір құдіреттің жатқанына көздері жетеді. Вертолет жоқ, кран жоқ жерде «халық жауларының» қолынан мұндай керемет келмесе керек. Халықтың нағыз жауы өздері екенін сол кезде шолақ белсенді сұмырайлар сезді деймісің.
Сол ауылда Кердері Рақыш деген молда бар екен. Ел «сайтан молда» атандырған Рақышты уәкілдер шақырып қыспаққа алып сұрайды. Сонда Рақыш молда айтты дейді:
– Сіздер бұл жерден малқораны бекер салдыңыздар. Дәл осы қораның астында баяғыда өлген Жезбұға атты әулие қыздың жер болып кеткен зираты жатыр. Қоранын үстін лақтырып тастап тұрған соның құдіреті ғой – депті. Уәкілдер сенер-сенбесін білмей бір-біріне қарайды. Қасиеті бар жанды жоқ қылып, киесі бар жерді боқ қылып үйренген коммунистер әулиені қайдан сыйласын.
– Біз салған қорамызды көшірмейміз. Сен бізге аруақты көшіретін айла-әдіс үйрет деп молданы және қысады. Құдай ұрып молда көнеді.
– Сіздер ол қораның екі босағасына шошқаның екі торайын бауыздап, басын апарып көмсеңіздер болды, – депті, – аруақ арамнан қашар болар.
Молданың айтқаны келіп, шошқаның басын көміп, қораның төбесін бөлшектеп әкеп қайта жапқан екен қора сол қалпында тұрыпты. Ал әулиенің кәріне ұшыраған сайтан молданың үрім-бұтағы түгел кесірге ұшырап жойылып кетіпті деп аңыз қылады бүгінде қариялар.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"