ӘУЛИЕ ЕСЕТ БАТЫР

Есет батыр жер танығыш қасиетті адам болыпты. Айсыз қараңғыда келе жатып шағылдың бір жеріне тізгін тартып:
– Былтыр осы жерде шақшамды ұмытып кетіп едім, қарай қойшы – дейді екен.
Қосшысы аттан түсіп батырдың найзасын шаншыған жерді сипалап, құмға көмілген шақшаны тауып алатын көрінеді.
Патшаның жарлығымен ұсталып, көзкөрмеске айдалса да жол тауып қашып келе беріпті. Бір күні Есетті тағы ұстап екі жасауылмен Орынборға айдатыпты. Жолда айдаушылар өзді-өзді кеңеседі:
– Осыны әулие дейді. Жер танығыш дейді. Осы жердің атын сұрайық, егер тапса босатып жіберейік, – деседі.
– Әй, Есет! Жұрт сені әулие дейді. Шын әулие болсаң дәл қазір осы тұрған жердің атын біліп бер. Тапсаң, қашып кетті деп босатып жібереміз – дейді.
Есеттің басын түйенің көнімен қаптап, көзін байлап, қолын артына таңып әкеле жатыр екен. Батыр жаны қысылғанда Мәтенқожа құрдасына сыйынды дейді:
– Әулием-ай, құрдасыңа қол ұшын бер! Жердің атын жадыма салып жібер! – деп.
Сол кезде «Күнтөбе, Күнтөбе!» деген үн өз ішінен естілгендей болып жетіпті. Есет сонда:
– Ай, жігіттер! Басымды көн қысып, кеудемді шөл қысып, көзім байлауда өзім айдауда келемін ғой, аттан түсіріп топыраққа қолымды тигізіңдерші! – депті. Аттан түсіргенде топырақты сипалап отырып:
– Жері таныс, Күнтөбе болды ғой – дейді.
Сол жерде кездескен адамнан жөн сұраса тұрған жерлері Күнтөбе болып шығып, Есетті босатып жібереді. Есет ауылына келген соң садақа жасап елін жиыпты. Мәтенқожаны арнайы шақыртыпты. Мәтенқожа есіктен енгенде Есет қарсылап, көрісіп тұрып:
– Құрдас-ай, тар жерде әулием деп сыйынғанда қасыма бір келмедің-ау, – дегенде:
– Тарт қолыңды! Күнтөбеде де мен болған жоқпын ба?! – деп Мәтенқожа кеңк-кеңк күлді дейді.
Құттымұрат ақамның әңгімесі.

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"