Бұл әңгімені Шапағат қарияның аузынан естіп едім.
Еламан әулиенің руы Қаратоқай Беріш. Шынтеке аталығынан шыққан. Атырау облысы Махамбет ауданы Сарытоғай деген жерде тұрыпты. Бейіті 11-інші ауылдың тұсында Жайықтың жарқабағына жақын құмдауыт жыңғылды жерде орналасқан. Ел барып сиынып, түнейтін жер болған соң бейітінің қасындағы ағаш бұтағы қызыл-ала ақтық шүберектерден көрінбейді екен. 1957 жылдар шамасында жаңадан сайланған Парторг Жөркей деген бастық ел атқамінерлерімен Жайық жағалап келе жатыпты. Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған шағы. Бір кезде парторгтың көзі шүберек тұнып тұрған ағашқа түседі.
– Мыналарың не?!– деп адырайыпты.
– Бұл Еламан деген әулие атайдың зираты еді – деп оған түсіндірмек болады. Парторг құлағына қыстырмайды.
– Қайдағы әулие қолдан жасап алып жүрген? Надансыңдар! Халықты соқыр сенімге үйретесіңдер. Дәл ертең бульдозер жіберіп мына төбені ағашымен қосып көзін құрту керек. Ысырғысып тастаймыз – депті. Қасындағы жергілікті адамдар аруақтың кәрінен бір қорқып, парторгтың сөзінің зәрінен екі қорқып бұғып үндей алмайды. Бір мезгілде парторгтың аты әлденеден үркіп жалт бұрылам дегенде жантайып құлапты да астында қалған иесінің бір аяғы жіліншіктен сынып, ойбайлап қалды дейді. Бәрі бұның әулие атайдан болғанын іштері сезеді. Бірақ парторгке қалай түсіндірерсің?! Ауылдағы Көшқали сынықшыға апармақ болады. Көшқали да Еламан әулиенің ұрпағы екен. Барған кісілердің алдынан өзі шығып азар да безер болып бас тартыпты.
– Жаңа ғана атайдың аруағы келіп ескертіп қорқытып кетті. Қарай алмаймын – депті.
Аудандағы Жәңгір деген хирург ол да болған жайға қанық екен. «Менің қолымнан келмейді, облысқа апарып емдетпесе» деген уәж айтады. Парторгтың жағдайы қиынға айналады. Шалдар өзара ақылдасып «әй, осыны анда-мында сүйреп әуре боп қайтеміз. Істеп отырған атайдың өзі ғой. Әулиеге апарып кешірім сұратып түнетейік» деп бәтуаласады. Парторгке келіп:
– Сізді алысқа сүйрегеннен жағдайыңыз түзеле қояр ма екен? Біздің ақылымызды алсаңыз кешегі өзіңіз тіл тигізген Еламан әулиенің басына апарайық. Бір қойыңызды арнап сойып, кешірім сұрап бір түнесеңіз бетіңіз бері қарауы мүмкін дегенді айтады. Шыбын жаны шырқырап жатқан парторг амал жоқ ауру жанына батқан соң көніпті. Әулиеге атайтын қойды көп қойының ішінен бірталай таңдатып барып:
– Әнебір төбел қойды ұстаңдаршы, сол келініме еншіге келген адал қой еді – деп айтты дейді.
Сонымен не керек бейіт басына қойды шалғызып, парторгтың басын игізіп кешірім сұратып келген жұрт қазан көтеріп жатыпты. Әулиенің аяқ жағына төсегімен әкеп жатқызып қойған парторг келгеннен ұйқыға бас қояды. Содан бәрі қойдың етін пісіріп жеп, сорпасын ішіп болғанша тырп етпей ұйықтапты. Бір мезгілде ешкіммен ісі жоқ тұрып алып бір таяққа сүйеніп ауылға қарай жайлап кетіп бара жатыр дейді. Жұрт таңданып, абайлап орағытып барып сұраса:
– Атаның өзі келіп таяғымен түртіп емдеп тұрғызып жіберді ғой , аяғымның ауырғаны қойып жаным кірді, енді үйіме кетіп барамын – дейтін көрінеді.
Осылайша кешегі қызыл империяның қолшоқпар шенеуніктерінің тісі батпаған қасиет иесі Еламан әулие туралы бүгінгілер аңыз етіп айтады.
Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы