БИСЕКЕШ АҚЫН

Туған жерi Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданы, Жантемiрдiң арғы жағындағы «Әз ағаш» атты жер. Руы Жиенбет Тана, оның ішінде Масай. Бисекеш әуелi молдадан әрiп таныған. Одан кейiн орыстандыру саясатының ықпалынa ұшырап латынша ересектер класында оқуға мәжбүр болған. Ақырында альфавит тағы ауысқанда қазiргi жазу үлгiсiн үйренген. Жасынан еңбексүйгiш, жiгерлi ақын колхоздың шаруашылық жұмыстарына белсене араласып озат жұмыскер атанған. Чапаев қаласында ұшқыштар даярлайтын ДосААФ оқуына жiберiлiп eкi жылда үздiк грамотамен тамамдаған. 1932 жылы әскер қатарына шақырылады. Аяулы ақынның айықпас ауруға ұшырайтыны осы кез. Қазақы қасиеттi қанынан жоғалтпай өскен даланың дархан мiнез ұлы сұрқия ойлы сұм пиғыл жандар бар деп сақтана алмай қалды. Әскери бөлiмнiң бастығы мұның грамотасын көріп: «Молодец, казах» деп арқасынан қаққан кезде тipi neндеге арамдық ойламаған 21 жасар жiгiт тұла бойы құрысып, есiнен айырылып құлап түcтi. Kөpкeм жүздi, өнерлi қазаққа орыстың тiлiнiң сұғы, көзiнiң қыры тиiп едi. Осы талма ауру оны өмip бойы өкшеледi. Бисекеш «Жетi батыр» жырын, Бала Ораз бен Мұрат, Бала Ораз бен Әдемi, Мұрат пен Табия айтыстарын жатқа бiлген.
Аққұба, кiшкене имектеу қыр мұрынды, қияқтай қара мұртты, жазық маңдай, кiшiрек қой көздi, жауырыны қақпақтай, бойы ортадан жоғары , кеудесін тік ұстап нық жүретін ажарлы адам болған.
– Жүрген жерi ойын-сауық. Жыр-термені өзіндік екі мақамға салып айтатын. Kici жатырқамайтын кеңпейiл едi, әкем – деп есiне алады ақынның ұлы Мұрат Ғұбайдуллин.
Сталиндi жек көрiп, оның зұлым саясатын, елге icтегеи қиянаттарын бүкпесiз айтып отыратын. Осы үшiн талай мәрте қамауға алынып, тергеуге түстi. Бiрақ өмipiнiң соңына дейiн өз пiкiрiнен айныған жоқ. Жастарды, замандас құрбыларын ата-салтын ұмытпауға шақырып өлеңдер шығарушы едi.
«Балам адал бол, ешуақытта өтipiк айтпа, үлкендi сыйла, өзiңнен бiр жас үлкеннен ақыл сұра деген баба сөзiн ұстансаң қор болмайсың » деп ақыл айтушы едi – дейдi Мұрат қария.
Бисекеш ақын 42 жасында ойда жоқта қазаға ұшырайды. Бейіті Тайпақтан 10 шақырым Оралға қарай Алмаағаш деген жерде.
Ақынның өлеңдері кезінде белгілі себептермен баспасөз бетінде жарияланбай, хатқа түспей қалған. Көптеген өлеңдері ұмытылған. Ақыннан қалған жалғыз тұяқ Мұрат қарттың жадында там-тұмдап сақталған өлеңдері бүгін де құнын жоғалтқан жоқ. Баласы Мұрат қарияның айтуынша Бисекештің жыр-терме айтатын өзіндік мақамы болыпты. 7 буынды жыр, 11 буынды қара өлеңді өзіндік мақамға салып айтқанда құлақ құрышын қандырады екен. Бүгінгі жыршы-термешелер Бисекеш термесін қайта тірілтіп жырлап жатса қандай жақсы. Бисекеш ақынның бүгінгі ұрпақпен қайта қауышар сәті келді деп ойлаймын.
ҚЫЗЫЛ ТІЛІМ ҚИҚУ САЛ
(Бисекештің термесі)
Қызыл тілім қиқу сал
Сен де-ай бір күн тозарсың.
Ажал бір қуып жеткен соң.
Алмай қоймас қара жер
Кіргізбей қоймас қазған көр
Меңдеген ауру-дерттен соң
Тізеден жерге көмгенде
Үшкілі жоқ жеңі жоқ
Үш ен бөзді кигенде
Үш жеріңнен буғанда
Үш құман сумен жуғанда
Ағайын халқың шулайды
Басыңа молда келгенде.
Сүйреңдеген қызыл тіл
Таңдайыма қатарсың
Жәудіреген екі көз
Маңдайыма батарсың
Аллаң рахым етпесе
Ат басындай сұм жүрек
Топыраққа-ау жатарсың.
Жалғаншы фәни дүниеден
Неше бір пақыр өткен жоқ
Тоқтылы қойға жалданған
О күйек пен бұ күйекке
Күні де бітпей сандалған
Алатын ауру кез келсе –
Күннен де күнге меңдеткен
Алмайтын ауру кез келсе –
Ұшықтаса терлеткен
Әріден бері толғайын
Оң менен солды қозғайын
Айтқанға құлақ қоймайды
Кейбірде жаман кері кеткен!

Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы

ТК "Евразия"

ТЛ "Самал"