Себек-Беріш Бөрте батыр алды қатты ызғарлы, сұсты адам болыпты. Аспан, Зымбыл деген екі баласы бар екен. Бөрте батыр қалмақтармен ұрысып жорықта жүргенде ауылдағы әйелі мен екі баласы обадан өледі. Бір күні «Бөрте батыр жорықтан қайтып келеді екен» деген хабар келеді. Алдынан шығып отбасындағы болған жағдайды естіртуге ешкімнің батылы бармайды. Сонда Жайық-Беріш Шұбар деген жігіт:
«Ағама мен естіртейін» – деп бекініп алдынан шығыпты.
Жаудан мол олжамен, жеңіспен келе жатқан батырдың көтеріңкі көңілін, қазаны айтып құлазыту қандай жаман. Шұбар көрісіп, құшақтасып, есендік-саулық сұрасқаннан кейін:
– Әй, Бөрте аға, сіз құдайдың мықтап ұрған адамы болдыңыз ғой! – депті, – Құдай ұрмаса екі балаңның атын Аспан, Зымбыл қояр ма едіңіз? Аспаның аспанға ұшып кетті. Зымбылың жерге кіріп кетті. Солардың артынан шешесі кетті! – депті.
Ел тып-тыныш боп аңтарылып қалады. Қанша қаһарлы болса да өзіне өжеттікпен айтылған мына сөзге Бөрте тосылып, кідіріңкіреп:
– Не болды? – деп сұрапты.
– Оба соқты. Талай жақсыны опты. Қимастарыңыз енді сізге жоқ-ты – деп естіртіп, көңіл айтқан екен Шұбар.
Бөрте батыр осыдан кейін: «алдымнан алғашқы болып шыққан інімсің, қалаған олжаңды ал» – дейді. Қалмақ бегінің Бота, Болпай есімді екі қызын түйеге мінгізіп, олжалап алып келеді екен. Шұбардың көзі сұлу қызға түсіп біреуін сұрапты.
Бөрте айтыпты:
– Жолшыбай осы сұлумен арамызда көңіл жарастығы болып еді. Менен жүкті кетсе саған қиянат болмай ма?
– Аруға аяқ артқан бөтен емес, өз ағам ғой. Қиянат болмайды. Сіз қисаңыз мен алдым – депті Шұбар.
Бүгінде « Жайық-Беріштің Шұбарынан тараймыз » деген ұрпақ сол қалмақ қызынан туған екен деп сыр шертеді шежіре.
(Атыраулық Төлеуіш қарттың әңгімесі)
Жәнібек Әбілпеисов
Ақжайық ауданы, М. Өтемісов атындағы НЖББ мектебі жанындағы «Жерұйық» музейі жетекшісі. ҚББП, өлкетанушы