Біздің әңгіме қылғалы отырғанымыз Қаратоқай-Беріш, атақты Мұрат ақынның Шеркеш Тыныштықпен айтысы хақында.Мұрат Мөңкеұлы заманында ойы озық, тілі жүйрік, көненің шежіресін көкірегіне сиғызған аруақты ақын болған.
«Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны...»
– деп қонысты орыс билеген заманның ащы шындығын айқайлап айту кез-келген ақынның қолынан келмесі анық. Артына пайғамбарға лайықты сөз қалдырған Мұрат ақын кезінде елім деп еңіреген ерлерді жоқтап көптеген өлеңдер шығарған. Соның бір үлгісін біз Мұраттың шеркеш Тыныштық ақынмен айтысынан көреміз. Айтыс Тоқтамыс ауылында, жұрт жиналған тойда болыпты.
Әуелі өлеңді Мұрат бастап, айтыс қыза келгенде Тыныштық:
«...Ерікті онша Беріш мықты болсаң
Не қылып жалғыз үйден тентіредің?»
дейді. Тыныштық ақын бұл жерде Тілеубай мен Шолымды меңзеп отыр.
Қойсарының екі баласы Тілеубай мен Шолым 1856 жылдар шамасында Бөкейліктегі барлық бауырларын жинап үдере көшіп Жайықтан өтеді. Қазіргі Атырау обылысы, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмына келіп қоныс тебеді. Мұның мынандай себептері бар еді;
Исатай көтерілісі 1821 – 1838 жылдар арасында болса да, көтеріліс туралы тексеру, тергеу 1853 жылға дейін созылған. Тілеубайдың өзі 1797 жылы туылған. Демек көтеріліс кезінде 30-40 жастағы дер шағы. Бөкейліктегі Беріш ауылдарының бәрін шарпыған қанды қырғынға ілікпей қалды дей алмаймыз. Қойсарының бес баласының қамал бұзар қайратынан хан-хакімдердің қаймығып, қауыптенгені, соңына шырақ алып түскені шындық. Көктем шығып қар ерігенде Бесқасқаның ауылы сыртынан бір түрікпен саудагердің өлігі табылыпты. Сыныққа сылтау іздеп отырған патша жандайшаптары «кісі өлтірді» деген жаламен Қайыпбай, Құтымбет, Айбатыр, Тілеубай төртеуін Сібірге жер аударады. Хан қаһарына олардың ең кішісі Шолым ғана ілікпейді. Оның себебі былай болған.
Жәңгір хан қайынатасы Қарауылқожамен бірге, нөкерлерімен аң қуып жүріп аттан жығылады. Омыртқасына зақым келіп аяғын баса алмай қалды дейді. Ордадағы дәрігерден пайда болмай емші-тәуіптерге қаратыпты. Біреуінің емі қонбайды. Сол кезде кеңесшілерінің бірі:
– Жаңадан бақсылық қонып жүрген 19 жасар Шолым деген жігіт бар. Соны алдырайық па? – депті.
Хан «алдырыңдар» дейді. Шолымды ханға шақыртыпты. Шолым жасынан серілігімен аты шыққан, жауырыны жерге тимеген палуан екен. Оның үстіне аруақ қонып құдайы беріп тұрған соң ханды қарамақ болады. Қолына аса таяқ ұстап хан ордасына кіріп келіп:
– Ей, хан! Ауру еместі ауру қылып не жатыс? Тұр орныңнан! Бас аяқты! Ұста мына таяқты! – деп ақырып жетіп барыпты.
Орнынан тұра алмай жатқан хан қалай ұшып тұрғанын өзі де сезбей қалады.
Ханның қолына таяқ ұстатып, сарайдың ішін үш айналдырып жүргізіп жіберген екен. «Хан жүрді!» деп Жәңгірдің екінші әйелі Фатима тоташтан сүйінші сұрағанда «шешеңе» деп, сүйіншіге алтынмен үптелген өзінің балға киетін көйлегін беріпті. Ол көйлек Шолымның ұрпақтарында күні кешеге дейін сақталған. Жерге қойғанда тікесінен тұратын еді дейді.
Осылайша төрт ағасы «ит жеккенге» айдалғанда Шолым елде қалып олардың бала-шағасына бас-көз болады...
Мұрат ақын айтыста Тыныштықтың нені тұспалдап отырғанын біліп былай жауап береді:
Құрттың-ау білмей айтып амалымды-ай
Халқымның шүкір етем аманына-ай.
Халық болып өз еркімен кешетұғын
Қазақ-ау, күнің бар ма баяғыдай!
Рас. Қазақтың сүт бетіне шығар жақсыларын қуғын-сүргінге ұшыратып, халықтың рухын жаншып, жанын күйзелтіп тұрған отаршылдық дәуірі еді.
Тыныштық ақын Мұраттың мұңын түсінбейді. Одан сайын шамына тиіп; патшаның пәрменіне көнбей өзінше дәрмен жасап – Жайық асып көшкен Тілеубай мен Шолымға ашық тиіседі:
Өлеңге сен де дайын, мен де дайын
Зырқырар айқын жүйрік шапқан сайын
Ерікті онша Беріш мықты болсаң
Шолым мен қайда қаңғырды Тілеубайың?
Ар жақтан Шолым, Тілеубай қашып өткен
Нарыннан күн көре алмай сасып өткен
Бір жылы Баймағанбетке қоңсы қонып
Ішінде Қаракемпірдің кәсіп еткен
Қаңғырған Байұлының қорғанындай
Ағаңа Тәңірберген нәсіп еткен
Қатынның қаралап сөйлегеніне күйіп кеткен Мұрат сонда айқайды салды дейді:
Аржақтан Тілеубай мен Шолым өткен
Жерінде көкжал бөрі болып өткен
Нарында хан баласын итше сабап
Ер еді дүниеге қолы жеткен.
Зырғанап хан Ордада тұра алмады
Қаймығып Қайыпбай мен Құтымбеттен!
Сен Шолымды білетін бе едің, не ғып өткен?!
Жайықты талқан қылып жарып өткен
Нарында хан баласын итше сабап
Астына табанының салып өткен!
Қазақтай салт атымен қаңғырған жоқ
Бар жинақ қара орманын алып өткен
Ер шықса сіздің елден ісі оңбайды –
Тұрланды Сахарнайда ит жеп кеткен!
Құдайым айырмағай осы бақтан
Сөйлесе сөз өнеді тіл мен жақтан
Хан келіп ат бауырынан қажасқанда
Қайғысыз ер туады біздің халықтан!..
Енді Тілеубайдың Сібірден қалай келгеніне тоқталайық. Сібірде жер ауып барған арыстан жүректі абзал адамдар біраз болғанға ұқсайды. Жері бөтен демесең елі, салты, тұрмысы ұқсас тұрғылықты халықпен араласып өмір сүре бастайды.
Тілеубай атамыз ұябұзарлығы жоқ момын адам екен. Жатса-тұрса есінен елде қалған бес баласы кетпей, ағайын-қарындасты сағынып атамекенге оралуды аңсайды. Ағаларына «елге қашайық» десе, үш ағасы: «Бізді сиғызбай, өмір бойына аластап жер аударған елге барып енді шекеміз шылқымас. Балалар өсті, қызығынан кетті. Барсаң өзің бар. Біз осында қаламыз» – деп сол жақта үйленіп, ұрпақ жайып қалып қойыпты. Тілеубай Жаратқанға сиынып, буынып-түйініп жалғыз өзі қашады. Жолда ұсталып дүрелеп, маңдайына таңба басып Сібірге қайтадан айдайды. Ол кезде каторгадан қашып, ұсталғандардың маңдайына қызған темірмен «Б» (беглец) деген таңба басатын болған. Екінші барғанда Тілеубай Есенғұл-Беріш Үбі батырмен жолдас болады. Бұл баяғы Исатай өлетін қанды қырғында, атына оқ тиіп жаяу қалған Исатайға астындағы атын түсіп беріп: «Мен өлейін, сен кет!» дейтін батыр Үбі еді.
Итжеккенге айдалғалы жатқанда ерінің қасына ортаңғы саусағын қойып тұрып, бір шауып лақтырып жіберіп: «Келсем келгенім. Келмесем сүйегім туған жерде қалсын!» деген Үбінің тап өзі болатын.
Сол Үбі Тілеубайды інім деп бауырына тартып жүреді екен.
– Әй, Тілеубай, мен елге қашамын. Сені де бұлай тастап кетпеймін, не алып кетемін, не өлтіріп кетемін, елге кетпейміз бе? – депті.
– Кетуге болар еді, бірақ маңдайдағы қарғыс таңбамен қайда барамын? – дейді атамыз намыстанып.
– Сол да сөз болып па? Ол таңбаны бұрап, жұлып тастасам қайтеді?!
– Сіз жұлсаңыз мен шыдап отырайын! – деп Тілеубай атамыз шарт жүгініп отырып алыпты.
Үбі Тілеубайдың маңдайын сүлгімен ысқылап жанын кетіріп, күйдірген таңбаны дөңгелентіп пышақпен кесіп алып тастапты. Үбі кесіп жатқанда Тілеубай міз бақпай отырулы. Кейіннен маңдайдағы жара алақандай тыртық болып бітеді. Енді Тілеубай елге қашатын болыпты.
Тілеубай, Үбі батыр және Жауғашты Шеркештің бір батыры үшеуі қашатын болып уағдаласады.
«Бізді туған жерге кез-келген ат жеткізе алмас» деп қалың жылқыдан ат таңдағанда, атамыз ұнағанын жалынан ұстап тартып көреді екен. Сол кезде толқымай орнында тұрып қалған жылқыны үйретіп мініп үшеуі қашып шығады. Сібірдің ағысы тентек өзенінен өткенде ғана біреуінің аты, біреуінің бөркі кетіпті. Үшеуі аман-есен елге жақындайды. Шекара бойындағы орман ішінде бұларға бір топ орыс тап болып жабылыпты. Елін, жерін сағынып келе жатқан үш арыс сол жерде кәпірлермен қоян-қолтық төбелеске шығады. Үбінің қайраттылығы сол – өзіне бас салған казак-орысты кеңірдегінен көтеріп алып ағаштың бұтағына іліп кете береді екен.
– Апырмай, адамның астына алты кісі сияды екен! Жетіншісі жырылып шығып кете береді екен – дейтін көрінеді кейіннен Тілеубай атамыз. Сөйтсе өзіне жабылғандарды шап беріп ұстап алып, астына басып үйе беретін көрінеді...
Елге аман-сау кеп сіңген соң Тілеубай Нарынға бара алмай Қызылқоғадағы Баймағамбет дегеннің үйінде бір жыл бой тасалап, інісі Шолым мен балаларына астыртын хабар жіберіпті. Жәңгірханның өтініші бойынша Жайықтан қазақты ары-бері қоныс аудартпау туралы заң күшінде тұрғанына қарамай Нарындағы барлық Қойсары тұқымын мал-мүлкімен түп көтере көшіріп Тайсойғанға кеп қоныс тебеді. Бөкейліктен Тайсойғанға көшкенде Тілеубайдың балалары – Уса 19-да, Талпақ 16 жаста екен. Тайсойғанның айналасында отырған қалың Ысық: «жер ауып Беріш келді, малы біздікі болды» – деп қанша ұры жіберсе де Бесқасқаның бір тайын ала-алмапты дейді шежіре. «Жайықты талқан қылып жарып өткен» Тілеубай, Шолым мықты болмаса сол жердегі Ысық, Шеркештің ортасынан ойып орын тебер ме еді? Жергілікті халық әлсізге жерін берер ме еді?
Сол жерде Қойсарының бес баласынан өсіп-өнген ұрпақ қазан төңкерісіне дейін үш мың түтін үй болып Тайсойғанға симай Ойылдың сыртына көшіп қоныстанған екен.
Мұрат ақын Тілеубайдың сонау ит арқасы қияннан азбай келіп, аз тұқымын көбейтіп ауыл болғанын айтысқа арқау етеді.
Енді Мұраттың:
«...Ер шықса сіздің елден ісі оңбайды
Тұрланды Сахарнайда ит жеп кеткен...»
деген сөзінің мәнісі мынау:
Тұрлан – Шеркештің биі Асаудың жалғыз баласы. Жасынан бұла боп тентектігімен аты шыққан Тұрлан Исатай-Махамбетке жақ болып патша саясатына қарсы шығады. Осы үшін Сібірге жер аударылып, содан қайтып келе жатқанда Сахарнай деген орыс поселкесінде қайтыс болған. Сахарнай Ақжайық ауданы Ақсуат ауылынан 10 шақырымдай Чапай бағытында. Әлі күнге солай аталады. Тұрланды орыстар сабап өлтіріпті деген де сөз бар. Келесі жылы әкесі Асау бір бие жетектеп келіп: «баламның бейітін көрсеткен кісіге осы биені беремін» деп сұрау салыпты. Тұрланның сүйегін осылай тауып апарып жерлепті дейді көнекөз қарттар.
Мұрат ақын Тұрланның елге жете алмай орыстың ауылында өлгенін тілге тиек етіп Тыныштықты жеңеді. Алайда ақындық қызбалықпен артықтау кеткенін мойындап:
...Айтпайын білгенімді не қылып-ай
Ашумен өкпем отыр қағынып-ай.
Қатынға үй арасы қор қылғанша
Мені сал Арқада Әлім, Табыныңа-ай
Баласы Байұлының бәрі ағайын
Ашумен тілім тиді бауырыма-ай.
Отырмын сөйлейін деп елігіп-ай
Аттайын арпа жеген желігіп-ай
Қатынға үй арасы қор қылғанша
Мені сал шет жердегі өліміңе-ай
Тілімен бір әйелдің қатты кеттім
Жігіттер тік тимесін көңіліңе-ай! –деп жұртшылықтан кешірім сұрап айтысты аяқтаған екен.